Бүгін - ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні ішкі істер органдары туралы заң қабылданып, Қазақстан полициясы құрылды. Ал 2007 жылы 23 маусымда «Полиция күні» ретінде бекітілді. Ел қауіпсіздігі жолында талмай еңбек етіп жүрген жандардың бірі - Зарина Жеңісқызы. Ең қызығы ол түрлі аспапта ойнап, қолөнермен айналысады. Сондай-ақ бос уақытында тәттілер әзірлейді.
Зарина Жеңісқызы ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде полиция майоры ретінде анықтау бөлімінде жұмыс істейді. Негізгі ұстанымы жоғары жауапкершілік және қатаң тәртіп.
Зарина Жеңісқызы, Өскемен қ. ПБ аға анықтаушысы:
Ант бергеннен кейін осы жұмысты жақсы көріп, халықпен қызмет етіп, отанымды қорғаймын, күнделікті ұйқылары тыныш болсын, күнделікті жұмыстары тыныш болсын, барлығы бақытты өмір сүрсін деп біздің қызметкерлер де менде халыққа қызмет етіп келемін. Өз жұмысымды өте жақсы көремін.
Әріптестерінің айтуынша, Зарина кез келген тапсырманы мұқият орындай отырып, жұмысына жоғары талап қояды. Қиын сәтте қаншама қылмысты дер кезінде анықтауға да көмектескен.
Біржан Бауыржанұлы, Өскемен қ. ПБ бастығының орынбасары:
Зарина қызмет саласында жақсы жағынан көрсетті. Істеп жатқан лауазымы анықтау бөлімінің әдістемелік және статистикалық жұмыстарын атқарады. Қанша жылдар бойы үздіктер қатарында. Тек қана полиция басқармасы емес, ШҚО бойыншы үздіктер қатарында.
Зарина Жеңісқызы қызметтен тыс уақытта шығармашылықпен айналысады. Домбыра шертіп, гитарада ойнайды. Оның айтуынша, осы аспаптардың әуені күнделікті қарбаластан кейін тынығуға, ойын жинақтап, күш-қуат алуға көмектеседі.
Бойына бірнеше өнер дарыған кейіпкеріміз қолөнерге де жақын. Бос уақытында ұлттық үлгідегі бұйымдар тігеді.
Зарина Жеңісқызы ас әзірлеудің де шебері екен. Үйде түрлі тәттілерді әзірлеуді жақсы көреді.
Ескі суреттерді қарай отырып кейіпкеріміз естеліктерін бөлісті. Бүгінде сол бір балалық шақ оның жанына ерекше сағыныш сыйлайды.
Зарина Жеңісқызы, Өскемен қ. ПБ аға анықтаушысы:
Сахнада мектепте әрбір шара менсіз өтпейтін. Неше түрлі байқауға қатысып үздік биші, үздік әнші атағын иеленгенмін. Есейген сайын жастық шақты, балалық шақты қатты сағынады екенсің.
Полиция қызметкері болу – шен алу, атақ-абыройға жету ғана емес, бұл ел алдындағы сенімнің салмағы. Кейіпкеріміз Зарина Жеңісқызы өзі таңдаған кәсібін адал атқарып келе жатқан маманның бірі.
Бекарыс Секен