Шығыс Қазақстанда спорттық балық аулауға қызығушылық артып келеді. Ұлан ауданында спиннингпен балық аулаудан облыстық чемпионат өтті. Сайысқа 30-дан астам азамат қатысты. Толығырақ тілші сюжетінде.

Балық аулау – жай ғана су жағасындағы демалыс емес, бұл шынайы спорт түрі. Мұнда зейін, төзімділік және қарсыласқа деген құрмет ерекше маңызға ие. Жарыс барысында құрал-жабдықты дұрыс таңдаудан бастап, қатысушылар арасындағы арақашықтықты сақтауға дейін мән беріледі. Сондықтан төрешілер алқасы бекітілген талаптардың орындалуын қатаң бақылап отырады. Бұл бәсекенің әділ, тең әрі нағыз спорттық рухта өтуін қамтамасыз етеді.

Алексей Моисеев, жарыс төрешісі: 

Ең алдымен спортшылар бір-біріне құрмет көрсетуі тиіс. Осы талаптың орындалуына баса назар аудардық. Қатысушылар арасындағы арақашықтық кемінде 5 метр болуы тиіс. Бұдан бөлек,суастында балық аулауға арналған жабдықтар бұл сайыста қолданылмайды.


Қатысушылардың айтуынша, спорттық балық аулау олар үшін жай ғана хобби емес, өмір салтына айналған көпжылдық қызығушылық. Олардың көпшілігі Шығыс Қазақстан облысының намысын республикалық және халықаралық жарыстарда қорғап, отандық балық аулау спортының дамуына үлес қосып келеді.

Александр Семилетка, спорттық балық аулаудан спорт шеберлігіне үміткер: 

Мен бұл спорт түрімен он жылдан астам уақыт айналысып келемін. Біздің Spinning Force командасы – Шығыс Қазақстанда құрылған алғашқықұрамалардың бірі. Команда мүшелерімен республикалық,және халықаралық додаларға қатысып келеміз. Испанияда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алдық. Ол биыл қазан айында жалауын көтереді. 


Балық аулау спортының өңірде жылдан жылға танымалдылығы артып келеді. Шараны ұйымдастырушылар осы сынды сайыстарды облыстың өзге де аудандарында өткізуді жоспарлап отыр.

Аяулым Усинова