Облыстық әкімдікте «Цифрландыру дәуіріндегі мемлекеттік басқару: өңірлік аспект» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Басқосуда мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және өңірлердегі цифрландыру үдерістерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Шараны облыс әкімдігі мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының шығыстағы филиалы ұйымдастырды.

Конференцияға мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен халықаралық мамандар қатысты. Жиында мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттілігін арттыру, басқару жүйесін дамыту, мемлекеттік қызметке цифрлық тетіктерді енгізу мәселелері сөз болды.

Жанар Бұқанова, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚОФ директоры: 

Негізгі біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқару саласында технологиялар қалай қолданылып жатыр? Оның қандай қауіп-қатерлері бар деген сияқты сұрақтарды қарастырамыз. Сонымен қатар, біз Шығыс Қазақстан болғандықтан, біздің осы салада көптеген жобаларымыз бар сәтті жүзеге асып жатқан. Сол үшін қандай өзгерістер болып жатыр цифрлық сферада? Осы сұрақтарды қарастырамыз. 

Шара аясында қатысушылар өңірдегі инновациялық жобаларды қолдау орталығы – «OSKEMEN HUB» қызметімен танысты. Мұнда IT-жобалар мен стартаптарды дамытуға бағытталған бастамалар жүзеге асырылып, жас мамандардың цифрлық идеяларын қолдауға жағдай жасалған. Конференция барысында Әзербайжан мен Қырғызстаннан келген халықаралық сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект технологияларын қолданудың мүмкіндіктерін талқылады.

Гульфия Берекполова, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚОФ аға оқытушысы: 

Филиал аясында жас мемлекеттік қызметшілер қайта даярлау курсына келген кезде 2 дисциплина болады. Жазба, дизайн бойынша жобаларын ұйымдастырады. Негізгі мақсат – осы алған тәжірибелерін қызмет барысында қолдану. Соның аясында осындай жобалар туындап жатыр. 

Мамандардың айтуынша, мұндай алаңдар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және цифрлық шешімдерді өңірлік деңгейде кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Фатима Тілейханқызы