Өскеменде Қазақстан полициясы күні ерекше құрметпен аталып өтті. Айтулы мереке аясында ел тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларына 10 жаңа пәтердің кілті табысталды. Қызметтік міндетін адал атқарып жүрген мамандар марапатталып, салтанатты жиын мерекелік көңіл күймен жалғасты. Толығырақ Нұртас Қайролдаевтың бейнематериалында.

Мерекелік шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Аймақ басшысы сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген 10 қызметкерге жаңа пәтердің кілтін табыстады. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: 

ҚР полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қадірменді жиналған қауып мына қоғам тыныштығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында біздің полиция қызметкерлері абыройлы қызметтерін атқарып кележатыр. Әр дайым сіздердің көпшілікке деген көзқарастарыңыз, елдің болашағы мен қауіпсіздігіне деген ұстанымдарыңызды өзгертпей әділдік жолында еңбек ететіндеріңізге сенімдіміз. Баршаларыңызды күш біріктіріп жұмыс жасай беруге шақырамын. 

Қазақстан полициясы күні қарсаңында баспаналы болғандардың қатарында арнайы жасақ қызметкері Талғат Оспанов та бар. Ол ішкі істер саласында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. 

Талғат Оспанов, ШҚО ПД Арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағы взводының командирі: 

Бүгін полиция қызметкерлерінің күніне орай бізді құттықтап пәтер сыйлап жатыр. Әрине қуаныштымын. Осы біздің еңбегімізді ескеріп осылай пәтер сыйлағанына қуаныштымын. Ризамын. Келе жатқан жас ұрпаққа айтарым қызметке берік болып, адал атқаруларына тілектеспін. Жолдары ашық болып, Шендері өсіп, өне берсін. 

Салтанатты жиында сала ардагерлері мен ішкі істер органдарының жас мамандары да басқосты. Шара барысында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков бірқатар қызметкерлерге алғыс хат табыстады.

Ерлан Омарбеков ШҚО Полиция департаментінің бастығы: 

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті жүктелген міндеттерді орындауға әрдайым дайын. Бүгін біз ардагерлер мен қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларын салтанатты түрде құттықтадық. Бұл – ішкі істер органдарындағы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Әрине, ең бастысы — халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Біз ашық жұмыс істеуге, әрдайым халықтың жанынан табылып, қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз.

Мерекелік шара аясында ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған 34 қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады. Олар Отанға адал қызмет етуге, заң мен тәртіпті қатаң сақтауға серт берді. 

Дильназ Сиянова, ШҚО ПД тылдық қамтамасыз ету басқармасының әскери химиялық қойма меңгерушісі: 

Бүгінгі бүкіл қызметкерлерді төл мерекелерімен құттықтаймын. Осы салада жұмыс істегеніме қуаныштымын. Генералдың қолынан грамота алдым. Бұған мен өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Бүгін барлық қызметкерлерді төл мерекелерімен құттықтаймын. 

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. 

Нұртас Қайролдаев