Өңірдегі орман өрттерінің қауіпі күшейді. Өрт қауіпті кезең басталғалы ШҚО мемлекеттік орман қоры аумағында 15 өрт тіркелген. Оның тоғызына найзағай себеп болса, үш жағдай тұрғындардың салғырттығынан. Қазіргі таңда ауа температурасының жоғарылауы және демалушылар санының артуына байланысты орман шаруашылығы қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. 

Тіркелген өрттердің оны облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылықтарының аумағында болған. Жалпы өңірде өрт шарпыған жер көлемі шамамен 20 гектарды құрайды. Ірі орман өртінің нақты аумағы қызметтік тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады. Облыстың жалпы аумағы 9,7 миллион гектар болса, оның 3 миллион гектары орман қорына тиесілі. Соның 1,7 миллион гектары орманмен көмкерілген. Өңірде облыс әкімдігіне қарасты 13 орман шаруашылығы жұмыс істейді.

Қайрат Мейрембеков, ШҚО аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы: 

Ауа температурасының 30–40 градусқа дейін көтерілуі, аптап ыстық ауа райының болжамы, сондай-ақ демалушылар санының артуы ескеріле отырып, тиісті шаралар қабылдауға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тапсырма жолдайды. Олар жерүсті және әуе патрульдеу жұмыстарын күшейтіп, орман алқаптарына халық пен автокөлік құралдарының кіруін шектеу шараларын қабылдауды, орман өрттері туындаған жағдайда өкілетті мемлекеттік органдар бекітілген өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес әрекет етуді. 

Енді облыс ормандарында алғаш рет өртті ерте анықтау жүйесі орнатылатын болады. Жабдықтар өңірдегі 9 орман шаруашылығына орналастырылады. Құрылғылар облыс әкімдігінің келісімімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы сатып алынуда. Барлығы 90 антенналық-діңгекті құрылғы орнату жоспарланған. Жүйе түтін ошақтарын дер кезінде анықтап, ақпаратты орталық диспетчерлік пунктке жіберу қағидаты бойынша жұмыс істейді. 

Мұрат Құсайынов, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: 

Мемлекеттік орман күзетінің қарауында 331 бірлік өрт сөндіру техникасы және 3000-нан астам өртке қарсы құрал-жабдық бар. Сонымен қатар, орман мекемелерінің балансында 16 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. 

Өрттің алдын алу мақсатында өңірде 48 мобильді топ құрылды. Олар өрт қауіпті кезең басталғалы 500-ден астам рейд жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 166 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде 21 азаматқа жалпы сомасы 746 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Мамандар тұрғындарды орман алқаптарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. 

Амангелді Еңсегенов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары: 

Бүгінгі таңда 15 орман өрті тіркелді. Жалпы ауданы – 5, 92 гектар жер. 2025 жылы 9 жағдай болған. Бірақ, келтірген залал – 1 млн теңгеден көп болған.  

Қазіргі таңда өңірдегі жағдай тұрақты бақылауда. Құзырлы органдар орман өрттерінің алдын алу және олардың таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуде.

Фатима Тілейханқызы