Зайсан ауданында тұрғын үйлер мен мектептердің құрылысы қарқынды. Өткен жылы 1500 шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы өңірлік комуникациялар қызметі алаңында Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ермек Қорабаев мәлімдеді.
Денсаулық сақтау жүйесінде де елеулі өзгерістер орын алуда. Халыққа медициналық көмекті аудандық аурухана, тоғыз дәрігерлік амбулатория, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер көрсетеді. Бұдан бөлек, өңірде алғаш рет Сартерек және Шілікті ауылдарында тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа медициналық пункттер ашылды. Ал аудандық аурухананың жансақтау бөлімін күрделі жөндеуден өткізу жобасы әзірленіп жатыр.Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерде артып келеді.
Ермек Қорабаев, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:
Биылғы жылы жыл басынан бастап 3,1 тонна ет, 4,2 мың тонна сүт өндіріліп, тұрақт ыөсім қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда мал басына келетін боласақ, Зайсан ауданының негізгі бағыты ауыл шаруашылық бағыты болғаннан кейін, мал басы саны да артып келеді. Мысалы ірі-қара саны 94 мың бас, қой ешкі 111 мың, жылқы 53 мың басты құрайды.
Бұдан бөлек, тұрғын үй құрылысына да ерекше көңіл бөлінуде. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 2024–2025 жылдары ауылдарда 164 үй салынды, ал Зайсан қаласында әрқайсысы 30 пәтерден тұратын екі баспана пайдалануға берілді. Биыл ауылдарда тағы 48 үй және аудан орталығында екі көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Ермек Қорабаев, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:
Жолдарды жөндеу қазіргі таңда Зайсан Қаратал, Шүршітсу Біржан Қаратал бағытындағы ауылдық маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Омск Майқапшағай жолын 100 пайыз тәмамдап, енді біз осы жылы аудан ішіндегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстары аталған бағыттарда жүріп отыр.
Ауданда бүгінде 28 мектеп жұмыс істейді, онда 7 мыңға жуық оқушы білім алуда. Үлкен Қаратал және Сарыжыра ауылдарында жаңа мектептердің құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар, 16 мектеп «Starlink» спутниктік интернет желісіне қосылған. Спорттық инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Биыл Зайсан қаласы мен Сарытерек ауылында заманауи спорт кешендерінің құрылысы басталады.