Мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыс орталығында салтанатты жиын өтті. Жиынға аталған салада еңбек етіп жүрген мамандар, ардагерлер мен жас қызметкерлер қатысты. Мерекелік шара барысында мемлекеттік басқару жүйесінің дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлерге құрмет көрсетіліп,марапат табысталды.

Салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы мемлекеттік қызметтің қоғам мен мемлекет арасындағы маңызды көпір екенін атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: 

Бұл күн, бұл мереке бұл жай ғана мереке емес, өйткені барлығымыз жақсы білеміз, мемлекеттік қызмет дегеніміз жай ғана жұмыс емес, ол қызметтік міндеттерін орындап қана қою емес, шын мәнінде халықтың сеніміне ие болу, ол олардың жауапкершілігін терең сезіне білу. Еліне деген шексіз адалдыққа негізделген ерекше миссия болып есептелінеді. 


Елімізде 83 мыңнан астам адам мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, елдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Қазір, мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсібилік пен ашықтықты арттыруға, басқару тетіктерін жетілдіруге бағытталған ауқымды реформалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар цифрландыру үдерісі жедел қарқын алып, кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мәселелеріне ерекше назар аударылған.


Ержан Айқымбеков, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы: 

2024 жылы Президенттің Жарлығымен ҚР-ның Мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жж арналған тұжырымдамасы бекітілді. Және жаңартылған мемлекеттік қызмет туралы заңы қабылданды. Оның басты мақсаты мемлекеттік қызметтің сервистік және қағидаттарына негізделген мәдени құрылым. 


Шара барысында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен мамандарға «Мемлекеттік қызмет ардагері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкер аймақ басшысы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алғыс хатымен марапатталды. Мерекелік жиында «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары да анықталды. 

Сейсенғазы Чукаев, ШҚО бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы: 

Мемлекеттік қызметте көп жылдық еңбегімді бағалап, мемлекеттік қызмет агенттіктің мемлекеттік қызмет ардагері деген медалімен марапатталып жатырмын. Бұл да еңбегімізді бағалағаны ма деп білемін. Өйткені мемлекеттік қызметте үлкен еңбек өтіліміз көптеген өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге бола ма деп ойлаймын. 


Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – Гафура Мағауянова. Ол облыс әкімінің аппаратында қызмет атқарады. Оның айтуынша, бұл марапат – жеке жетістіктен бұрын, тұтас ұжымның ортақ еңбегіне берілген баға. Мұндай құрмет мемлекеттік қызметшілерді жаңа жетістіктерге ынталандырып, халық игілігі жолындағы жұмысты одан әрі жандандыруға серпін береді.

Гафура Мағауянова, ШҚО әкімі аппаратының бас инспекторы: 

Мені мемлекеттік қызметшілер күніне орай менің еңбегімді бағалап, марапаттап жатқанына ризамын. Мемлекеттік қызметті адал, үлкен жауапкершілікпен атқару мен үшін өте үлкен абырой. Қазақстанымыз көркейе берсін, үлкен жетістіктерден көріне берейік. 


Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнер ұжымдары мен жергілікті әншілер көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді.

Аяулым Усинова