Риддер аймақтағы негізгі өнеркәсіптік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін сақтап келеді. Бұған жыл басынан бері іске асқан бастамалар мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері дәлел. Кеншілер қаласында жүзеге асырылып жатқан өзге де тың жобалар төңірегінде бүгін шаһар басшысы Думан Рахметқалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Думан Рахметқалиевтің айтуынша, қаланың дамуына негізгі үлесті бұрынғысынша өнеркәсіп орындары қосып отыр. Олардың тұрақты жұмысы бюджетке түсетін түсімдерді қамтамасыз етіп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында барлық деңгейдегі бюджетке 13,6 млрд теңге түсіп, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 128,3 пайызды құрады. Қалалық бюджеттің өзіндік кірісі бойынша жоспар 92,1 пайызға орындалды. Жоспарланған 3,6 млрд теңгенің орнына нақты 3,3 млрд теңге түсті. Өнеркәсіп саласына келсек, 2026 жылдың бес айында кәсіпорындар 74,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 65,7 млрд теңге. Ал 2026 жылдың қаңтар-маусым айларындағы күтілетін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 89,4 млрд теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 79,2 млрд теңгені құрайды.
Экономикалық белсенділік ірі кәсіпорындардың жұмысынан ғана емес, тұтыну секторынан да көрініс табуда. Кәсіпкерлік ортадағы өзгерістерге қарамастан, қалада тауарлар мен қызметтерге деген сұраныс жоғары. Риддерде туристік әлеуетті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бірегей табиғат, таулы ландшафт және демалыс орындарының алуан түрлілігі жыл сайын еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ шетелден келетін туристердің қызығушылығын тудырып отыр.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
Қазіргі уақытта Риддерде 42 туристік нысан жұмыс істейді. Оның 12-і қонақ үй, 27-і өзге орналастыру орындары. Бұлар – коттедждер, шағын демалыс үйлері, аңшылық шаруашылықтары. Сонымен қатар қалада екі тау шаңғысы базасы жұмыс істейді, ал жаз мезгілінде бір балалар лагері қызмет көрсетеді. Поперечное ауылында «ART Изба» қонақ үйі жұмыс істейді. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында бұл нысандарға келген келушілер саны шамамен 11 мың адамды құрады.
Қала экономикасын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Аяулым Усинова