Өскеменде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға арналған республикалық семинар ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген педиатрлар, неонатологтар және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.
Республикалық семинарға елдің 20 өңірінен келген мамандар жиналды. Жиында денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелер қаралып, балалар денсаулығын қорғау және педиатриялық қызметті дамыту бағыттары талқыланды.
Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:
Бүгінде алдымызда үлкен міндеттер тұр. Соның ең маңыздысы балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Қазір Үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан балалары» ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында түрлі аурулардың алдын алуға бағытталған бірқатар маңызды шара қарастырылған.
Жиында профилактикалық тексерулер мен скринингтердің тиімділігін арттыру, аурулар мен даму ерекшеліктерін ерте анықтау, ерекше қажеттілігі бар балаларға медициналық көмекті жетілдіру мәселелері қаралды.
Бауыржан Жүсіпов, ҚР БҰҰ Балалар қоры өкілдігінің денсаулық сақтау және тамақтану бағдарламаларының үйлестірушісі:
Бұл конференция денсаулық сақтау саласының мамандары үшін өте маңызды. Өйткені бұл тек медициналық емес, әлеуметтік, психологиялық және өзге де факторлармен байланысты.
Семинарда екпе мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы уақытта кейбір ата-аналардың профилактикалық екпеден бас тарту үрдісі медицина мамандарын алаңдатып отыр. Өйткені бұл инфекциялардың көбеюіне және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, вакцинация көптеген қауіпті ауруларды бақылауға алып, мыңдаған баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бектұрған Карин, ҚР ДСМ штаттан тыс бас неонатологы:
Қазақстанда нәремтелердің өлім көрсеткіші Орта Азия мемлекеттері ішінде ең төменгі. Яғни бұл бірнеше жылдар бойы жүргізілген шаралардың арқасы.
Мамандардың пікірінше, балалардың денсаулығы ел болашағына салынған инвестиция. Сондықтан профилактика, ерте диагностика және сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуы саланың негізгі бағыты болып қала береді.
Бекарыс Секен