Марқакөл ауданында халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға 12 бірпәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып, шілде айында аяқталады деп күтілуде. Қазіргі уақытта ауданда тұрғын үй кезегінде 89 адам тіркелген. Сонымен қатар, Марқакөл ауылында әлеуметтік осал топтағы тұрғындар мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған 30 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй салу көзделіп отыр.
Жыл басынан бері аудан тұрғындары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып, 1250 көшет отырғызды. Сонымен қатар, елді мекендерде тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Енді Марқакөл ауылындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұдан бөлек, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Орта-Теректі су қоймасының бөгетін қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ауданда жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасады. Биыл Қазақстан ауылына кіреберістегі екі шақырым жолды жөндеуге 20 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, Ұрынқай ауылындағы екі шақырым жолға жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, Омбы – Майқапшағай – Теректі – Игілік – Шеңгелді және Күршім – Қалжыр – Ақбұлақ – Қарой – Ашалы – Қайнарлы бағыттарындағы автомобиль жолдарын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Аудандық аурухана ресми мәртебе мен лицензия алып, мекемеге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта Марқакөл көлі мен Қытайдағы Қанас көлін байланыстыратын туристік бекет құрылады.
Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:
Нұрымбет Аманұлының қолдауымен Төсқайыңның өзінде мектеп құрылысы аяқталып жатыр. «Бірқабатты шығыс» бойынша 4 пәтерді салып, аяқтап бітіреміз. Инфрақұрылмда жарықтандыру мәселесі бойынша жұмыстар жалғасуда. Мәдениет үйлерін жөндеп бердік.
Туризмді дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында екі жоба мақұлданған. Оның бірі – Ұрынқай ауылында «Марқакөл Экоплаза» қонақ үйі, екіншісі – «Хадия» демалыс-рекреациялық орталығы. Бұдан бөлек, Ұрынқай ауылы Шығыс Қазақстан облысындағы үздік рекреациялық-туристік аймақ ретінде 200 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болады. Ауданда биыл «Марқакөл – Шығыстың жауһары» мәдени шарасы мен Қалжыр ауылындағы «МарқаFest» фестивалін өткізу жоспарланған.
Фатима Тілейханқызы