Облыс орталығында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Құқықтық дәріхана» акциясы ұйымдастырылды. Шараға облыстық және қалалық прокуратура қызметкерлері, Әділет департаментінің мамандары, адвокаттар, жеке сот орындаушылар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Акция барысында тұрғындарға құқықтық кеңестер беріліп, заңнама талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ интернет-алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Ильдар Итекбаев, Өскемен қ. прокуратурасының аға прокуроры: 

Акция мақсаты – халыққа құқықтық жұмыс өткізу. Ашық акция барысында азаматтарға заңның заң тәртіптері, заңдар түсіндірілді, заң тәртіптері түсіндірілді. Интернет алаяқтыққа қарсы қажетті қолданылатын іс-шаралар түсіндірілді. 

Акцияға келген тұрғындардың бірі-Ақбота Тлепова. Ол медицина саласына қатысты мәселе бойынша құқықтық көмек алды. Ақбота Тлепова мұндай қабылдаулар азаматтар үшін пайдалы екенін айтып, мамандарға ризашылығын жеткізді.

Ақбота Тлепова, қала тұрғыны: 

Алғысым шексіз осы кісілерге. Көңілім толып тұр. Жауап алдым. Қайда барам? Не істеймін? -де ойлап отырғанмын. Өзім жаңғыз басты анамын. Бір қыз тәрбиелеп отырмын. Маған жас баланың емес, мамандардың көмегі керек болды шынымен. Осы кісілердің көмегі өте қатты тиді. Алғысым шексіз. 

Мамандар мұндай жобалар халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін айтады. Шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Кәусар Идаятқызы