Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада халықаралық конференция аясында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Шара шеңберінде журналистерге кітапханадағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект негізінде жүзеге асырылып жатқан жобалар және оқырмандарға ұсынылатын тың қызмет түрлері таныстырылды.
Пресс-тур аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне кітапхананың заманауи мүмкіндіктері көрсетілді. Қатысушылар жасанды интеллектінің кітапхана қызметіне енгізілу барысымен танысып, алдағы «Болашаққа батыл қадам: жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана» атты халықаралық конференцияның бағдарламасы туралы ақпарат алды. Бұл жиынға Қазақстанмен қатар шетелдік сарапшылар, кітапхана қызметкерлері қатысады деп жоспарлануда.
Жанат Жиенбекова, О. Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары:
Бізде 29-30 күндері үлкен шара болады. Ол халықаралық конференция кітапханашыларға арналған. Орталық азия, Ресейден жалпы еліміздің түпкір түпкірінен кітапханашылар келеді. Оған өте қуаныштымыз. Үйткені Қырғыстан, Өзбекістан, Ресейден қонақтарымыз келеді. 192 онлайн қатысушылар болады. Оның ішінде келе алмаған Түркіменстан, Әзірбайжаннан келе алмаған әріптестер онлайн қосылады.
Оралхан Бөкей атындағы кітапхана өңірдегі цифрлық технологияларды белсенді енгізіп келе жатқан жетекші мәдени мекемелердің бірі саналады. Бүгінде кітапхана сайтында оқырмандардың сұрақтарына жедел жауап беретін жасанды интеллект негізіндегі чат-бот жұмыс істейді. Бұл жүйе қажетті әдебиеттерді іздеуге және кітапхана қызметтері жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Бекжан Дауылбеков, О. Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің автоматтандыру бөлімінің маманы:
Бұл кітапхана жұмысының тиімділігін арттыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тереңірек меңгеру мақсатында әзірленген арнайы чат-бот. Оған кез келген бағыттағы сұрақтарды қоюға болады. Басты ерекшелігі егер басқа нейрожелілерге біздің кітапхана туралы сұрақ қойылса, олар нақты әрі толық жауап бере алмауы мүмкін. Ал біздің чат-бот кітапхана ұсынған ресми ақпараттық базаға сүйеніп жауап береді. Яғни жүйе ең алдымен өзіміз енгізген деректер қорымен жұмыс істейді. Сол мәліметтер негізінде пайдаланушыға нақты әрі сенімді ақпарат ұсынады. Егер қажетті ақпарат деректер қорында болмаса, онда чат-бот ашық интернет көздеріне жүгініп, қосымша мәліметтерді пайдаланады.
Мекемеде мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Сирек қордағы тарихи құжаттар мен фотосуреттер цифрландырылып, олардың сапасын жақсарту үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылып келеді. Бұл ескі суреттерді қалпына келтіріп, олардың түпнұсқалық келбетін сақтауға мүмкіндік береді.
Наиль Тортавул, О. Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жасанды интеллект бөлімінің меңгерушісі:
Қазіргі таңда ЖИ көмегімен түрлі суреттерді қайтадан өңдеп қалыпқа келтуріге болады. Егер артымыздағы суреттерге көңіл аударсаңыз Оралхан Бөкейдің суреттері анық әрі сапалы ұсынылған. Ал бұл бағытта осы кітапхана қызметкерлерінің алар орыны ерекше. Бұл туралы Наиль мырзадан сұрап білсек. Наил осы жұмыстар туралы айтып өтсеңіз. ЖИ көмегімен суреттерді өңдеу үшін не маңызды. Ең маңызды бағыттардың бірі – промпт-инжиниринг. Оның көмегімен түрлі кескіндер жасалып, ескі фотосуреттер қалпына келтіріледі. Кескін жасау үшін алдымен фон, кейін әрекет, камераның орналасуы, жарық және қосымша деректер сипатталады. Осы элементтер неғұрлым нақты жазылса, нәтиже де соғұрлым сапалы болады. Фотосуреттерді қалпына келтіруде де осы тәсіл қолданылады. Бұл ретте бастапқы суреттің ерекшеліктері сақталып, қажетті бөлшектер толықтырылады.
Бұдан бөлек, кітапханада шығармашылық және технологиялық бағыттағы бірнеше білім беру алаңы жұмыс істейді. Мұнда 3D модельдеу кабинеттері, комикс салу және цифрлық контент әзірлеу бойынша оқыту жүргізіледі. Мұндай жобалар жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне және шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашады.
Нұртас Қайролдаев