Аймақта медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі қарқынды дамып келеді. Өңірдегі кәсіпорын өндірістік қуатын ұлғайтып, емханаларды отандық өніммен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, жергілікті өнім еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелтіліп, отандық медициналық өндірістің дамуына үлес қосып отыр.
30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын өндірісін кезең-кезеңімен жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізіп келеді. Қазір компания жаңа, кең өндірістік ғимаратқа көшуде. Мұнда медициналық бұйымдар шығаратын жаңа цех пайдалануға берілген.
Вячеслав Журавлев, кәсіпорын басшысы:
Кәсіпорын өз жұмысын 1995 жылы бастады. Алғашында жиһаз өндірісімен айналыстық. Кейін пандемия кезінде медициналық бұйымдар шығаруға бет бұрдық. Өскеменде дәл осындай өндіріс жоқ. Негізінен мұндай кәсіпорындар еліміздің оңтүстік өңірлерінде орналасқан. Сондықтан бұл – біз үшін жаңа бағыт. Алдағы уақытта өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Кәсіпорында ең көп сұранысқа ие өнімдердің бірі – медициналық бинттер. Мұнда түрлі көлемдегі стерильді және стерильді емес бинттер шығарылады. Олар емдеу мекемелерінің қажеттілігіне сай әзірленеді.
Елена Шевякова, өндіріс меңгерушісі:
Бинттің қалыңдығы дәкенің тығыздығына байланысты болады. Дәке неғұрлым тығыз болса, бинт те соғұрлым қалың келеді. Ал, жұқа дәкеден жасалған бинттің көлемі ықшамдау болады. Сондықтан, дәріханадан сатып алғанда көлемі кішкентай көрінгенімен, қаптамасында көрсетілген өлшеміне назар аудару қажет.
Өндірістің тағы бір учаскесінде медициналық майлықтар дайындалады. Бұл өнімдер –таңу жұмыстарында, медициналық процедуралар кезінде және жараларды өңдеуде кеңінен қолданылады.
Ринат Тукарт, аға жиынтықтаушы:
Мұнда медициналық майлықтар өндіріледі. Оларды халық тұрмыста да, медициналық мекемелер де пайдаланады. Оны арнайы құрылғы қажетті мөлшерде кесіп береді. Біз бұған қалауымызша 100 немесе 300 дана етіп қоя аламыз.
Өнімнің тәжірибеде қалай қолданылатынын көру үшін түсірілім тобы №4 қалалық аурухананың травматология бөліміне барды. Мұнда жергілікті өндірістің таңу материалдары күнделікті медициналық көмек көрсету барысында кеңінен пайдаланылады.
Гүлгүл Әмірханова, травматология бөлімінің аға медбикесі:
Операциядан кейінгі науқастарға келесі күні міндетті түрде перевязка жасаймыз пациенттерге. Күнделікті шовтың жағдайын қарап отырамыз. Қандай да бір өзгерістер болса дәрігерлерге ескертіп айтамыз.
Қазір компания жаңа медициналық бұйымды өндіріске енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Мамандар куәлікті алу үшін қажетті құжаттарды әзірлеуде. Әзірге жоба сынақтан өтіп, рәсімдеу кезеңінде болғандықтан, оның толық сипаттамасы жарияланбайды. Дегенмен, өңірдегі медициналық бұйымдар өндірісі қарқынды дамып, жаңа технологиялармен толығып келеді.
Фатима Тілейханқызы