Жасанды интеллект адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ол білім беру, медицина, өндіріс пен шығармашылық салаларында кеңінен қолданылып, көптеген мүмкіндіктерге жол ашуда. Алайда кез келген технология секілді оның да қауіп төндіретін тұстары бар. Бүгінде алаяқтар мен киберқылмыскерлер жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін өз мақсаттарына пайдаланып, жалған бейнежазбалар жасап, адамдарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Мамандар мұндай жағдайда цифрлық сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын атап өтеді. Жасанды интеллектінің мүмкіндігі мен қауіпі туралы тілшіміз Нұртас Қайролдаев баяндайды.

Жасанды интеллект — бүгінгі күні тек технологиялық прогрестің символы ғана емес. Ол — күнделікті өмірді жеңілдететін, ақпаратты өңдейтін, шығармашылыққа жол ашатын қуатты құрал. Алайда, бұл мүмкіндіктердің екінші қыры да бар. Егер жасанды интеллект теріс пиғылды адамдардың қолына түссе, ол үлкен қауіпке айналуы мүмкін.

Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі: 

Қазіргі таңда кибер қылмыстар әлі күнге дейін жалғасуда. Алай да қазіргі күнге дейін тоқталатын болсақ облыс аумағында 400 астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Ағымдағы жылмен өткен жылмен салыстырсақ ол төмендеді. ЖИ мен жасалатын қылмыс түрлеріне тоқталсақ ол жалған инвестициялар болып табылады. Алаяқтар адамдардың ақшасын жымқыру мақсатында жарнамалар жасайды. Сол жарнамаларды ашық интернетке салады. Адамдар соған алданып өздерінің қомақты ақшаларын алаяқтарға береді. 

Бүгінде алаяқтар ЖИ-ді жалған бейне мен дауыс жасауға, адамдарды алдауға, қаржылық схемаларды құруға және жеке деректерді ұрлауға пайдаланып отыр. Бір қарағанда шынайы көрінетін ақпараттың артында — үлкен қауіп жасырынуы мүмкін. Мұндайда әр ақпаратты тексеріп, мұқият болған абзал. 

Сондықтан жасанды интеллектіні қолдану мәдениеті мен цифрлық қауіпсіздік мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Бұл тек технология емес — жауапкершілікті талап ететін құрал. «Кемел келешек» — болашаққа бастар жол. Ал сол болашақтың қауіпсіз болуы — әрқайсымыздың саналы таңдауымызға байланысты.

Нұртас Қайролдаев