Өскемендегі өндіріс орнында жарылыс болды. Оқиға зауыт аумағындағы шаң ұстау цехында тіркелді. Салдарынан өрт шығып, өндіріс ғимаратының бір бөлігі опырылған. Алдын ала мәлімет бойынша апат салдарынан 7 азамат зардап шегіп, екі адам қаза тапты.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, 120 шаршы метр аумақты шарпыған өрт таңғы сағат 09:18-де сөндірілді. Оқиғаға қатысты арнайы штаб құрылды.
Рашид Блялов, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
ТЖД мамандары келгенде 1 ғимараттың құлауы, 2 өрт ошағы болды. Қазіргі таңда оқиға орнында 77 жеке құрам, 16 техника қызмет атқарып жатыр. Қазіргі жағдай тұрақты.
Компания басшылғы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін хабарлады.Оқиға орнына шұғыл қызметтер дер кезінде жетті. Апат салдарын жою жұмыстары жүргізілді. Арнайы комиссия құрылып, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеру басталды. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Мұрат Нұрбикенов, ШҚО мамандандырылған медициналық орталығы бас дәрігерінің м.а.:
Үш науқаста тек жеңіл жарақат анықталып, олар амбулаторлық емге жіберілді. Екі науқас ауруханаға жатқызылды. Біріншісі– 1980 жылы туған ер адам. Оның жағдайы ауыр. Денесінің 90 пайызын термиялық күйік шалған. Тыныс алу жолдары зақымданған. Оған шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Екінші науқас – 1974 жылғы ер адам. Оның бел омыртқасы сынғаны анықталды. Ол травматология бөліміне жатқызылып, қажетті ем қабылдап жатыр.
Ал уәкілетті орган өкілдері зиянды шығындылардың қоршаған ортаға әсерін бағалауда. Алдын ала мәлімет бойынша, ауаға тек шаң тараған. Қауіпті заттардың шекті нормадан асуы тіркелмеген. Оқиғаның нақты себептері тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады.
Фатима Тілейханқызы