«Казцинк» ЖШС аумағында болған жазатайым оқиға кезінде зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Астанадан мамандар шақырылды. Енді омыртқа жарақатын алған жұмысшыны санавиация арқылы елордаға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, екінші науқастың денесін күйік шалған. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы ауыр болғандықтан, оны басқа медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін болмай отыр. Кәсіпорын қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда болған оқиғаға байланысты зауыттың өндірістік қуаты уақытша төмендеген. Оқиға орны қоршауға алынып, мемлекеттік комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Экология департаменті мен «Казцинк» зертханасының мамандары тәулік бойы қоршаған орта мен ауа сапасына мониторинг жүргізуде. Бел омыртқасы жарақатын алған науқас Астанадағы нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылып, емін сол жерде жалғастырады.Ал, күйік шалған зардап шегушінің жағдайы ауыр. Дәрігерлер 9 мамырда науқастың жағдайын қайта бағалап, оны Астанадағы ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізу туралы шешімді қабылдайды.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Біз қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Оның ішінде қаржылай көмек, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және сақтандыру төлемдерінен бөлек, қосымша көмек те қарастырылған. Сондай-ақ олардың балаларына қолдау білдіріп, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім алу шығындарын толық өтеу жөніндегі міндеттемемізді растадық. Қазіргі уақытта ауруханада жатқан екі қызметкерімізге де қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Марат Нұрбикенов, Облыстық мамандандырылған медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Астана қаласындағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан екі бас маман келді. Зардап шеккен екі науқас толық тексеруден өтті. Диагнозы мен ем-дом шаралары келісілді. Бұған дейін телемедицина арқылы кеңес өткізіліп, барлық мәселе алдын ала талқыланған болатын. Бүгін сол шешімдер нақтыланып, әрі қарай емдеу жоспары белгіленді.