Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 92 жастағы тыл еңбеккері, зейнеттегі подполковник Иван Гагариннің үйінің алдында әскери шеру өткізді. Акция Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылған маңызды бастамалардың бірі.

Ең алдымен Иван Федоровичтің құрметіне әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Ал, 5518 әскери бөлімінің сарбаздары салтанатты саппен әскери шеру ұйымдастырды. Сонымен қатар, ардагерге азық-түлік себеті, қаржылай көмек және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Арман Жұмағалиевтің алғыс хаты табысталды.

Иван Гагарин, тыл еңбеккері:

Бүгінгі ұрпақ менің ойымша өте керемет кезеңде өмір сүруде. Қолайлы казармалар, жайлы киім-кешек. Бұрын бізде бір ғана етік пен жалғыз форма болатын. Ал қазір бәрі бар. Тамақтану, қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету жағдайлары қарастырылған. Сондықтан, бүгінгі сарбаздар Отанға қызмет етіп, Қазақстанның жетістіктеріне, халқымыздың бейбіт өміріне қуану керек.

Иван Федорович Гагарин 1934 жылдың 27 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысының Антоново ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын тыл еңбеккері ретінде бастап, кейін әскери қызметпен байланыстырды. 1954 жылдың 1 қыркүйегінде Кеңес Одағының Қарулы Күштеріне шақырылды. Қызмет барысында подполковник шеніне дейін көтеріліп, 1987 жылдың 31 желтоқсанында 33 жылдық әскери қызмет өтілімен зейнетке шықты. Ол III дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызметі үшін» орденімен марапатталған. Ұлттық ұлан өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер әскери қызметшілер үшін ерекше маңызға ие.

Бағдат Амангелді, ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы:

Иван Федорович – тек тыл ардагері ғана емес, Ұлттық Ұлан сапында өз заманында қызмет атқарған, әскери тәрбиеші болған, өзінің әскери жолы бар кейінгі буынға жол көрсете алатындай өзінің айтары бар ақсақал. Сондықтан, бұл кісі Ұлттық Ұланның көне көз қариясы десек те болады.

9 мамыр қарсаңында ардагерлер үйінің алдында шеру өткізу жылдағы дәстүр. Мұндай акциялар Жеңіс тек майдан даласында ғана емес, төзім мен қажырлы еңбектің арқасында келгенін еске салады.

Фатима Тілейханқызы