Шығыс Қазақстанда үй жануарларымен өткен ауқымды серуен ел тарихындағы ең көп қатысушы жиналған шаралардың бірі болуы мүмкін. Іс-шараға шамамен 150 адам қатысты. Қазіргі кезде ұйымдастырушылар бұл жетістікті Қазақстанның рекордтар кітабына ресми түрде тіркеу үшін құжаттарды әзірлеп жатыр.

Шеруді ұйымдастыру бастамасын Өскемен қаласындағы Қазақстанның делбеші иттер спорттық федерациясы өкілдері көтерді. Шара жануарларға деген ізгі қарым-қатынасты насихаттауға және белсенді өмір салтын дәріптеуге бағытталған. Оның маңыздылығы туралы бұған дейін ел Президенті де атап өткен болатын. Шеруге үй жануары алты айдан асқан және ветеринариялық тексеруден өткен кез келген адам қатыса алды. Мұндай шаралар жыл сайын өткізіліп келеді. Алайда бұл жолы қатысушылар саны көп. Қала тұрғындарының қызығушылығы жоғары болғандықтан, іс-шараға дайындық бір ай бұрын басталды.

Яна Григорьева, «Қазақстанның делбеші иттер спорттық федерациясы» РҚБ Өскемен қалалық филиалының директоры:

Біз Қазақстан рекордына өтінім бердік. Мұндай шара бұрын-соңды еш жерде тіркелмеген. Біз рекордтарды тіркеумен айналысатын басшылықпен байланысқа шығып, Қазақстан рекордына өтінім беру үшін қажетті құжаттарды дайындап жатырмыз. Бұл жорыққа кез келген адам қатыса алады. Арнайы дайындалған иттің де, арнайы дайындықтан өткен адамдардың да болуы міндетті емес — кез келген ниет білдіруші жайлы бағыт бойынша жүріп өте алады. Біз Шешек тауынан бастап су айдынына дейін барып, қайтадан осы жерге ораламыз.

Қатысушылардың арасында кәсіби кинологтар, түрлі ит тұқымын өсіретіндер болды. Алайда олардың барлығын біріктірген бір нәрсе — үй жануарларына деген сүйіспеншілік пен спорттық жігер.

Андрей Яремкив, шараға қатысушы:

Жай ғана серуендеп, бой жазып алуына мүмкіндік берейік деп шештік. Міне, біздің Кане Корсо тұқымындағы итімізге үш жарым жыл болды. Мұндай жорыққа алғаш рет қатысып отырмыз. Көрмелерде ол вице-чемпион атанған — жалпы алғанда, Қазақстан бойынша өткен көрмеде екінші орын алған, сондай-ақ халықаралық көрмеде де екінші орын иеленген.

Анастасия Зудова, шараға қатысушы:

Бірге серуендеуге шығуды ұйғардық, әрі өз жануарымызбен бірге ең көп адам қатысқан Қазақстан рекордын орнатқымыз келетіні бізді ерекше қызықтырды. Біз мұндай іс-шараларға жыл сайын қатысамыз. Күзде, шамасы, жүгіру жарысы болған еді. Біз Зевспен бірге үшінші орын алдық — бар күшімізді салып, жақсы жүгірдік.

Алина Савельева, шараға қатысушы:

Біз бұл жерге келдік, өйткені өткен жылы қатты келгіміз келген, бірақ мүмкіндік болмады. Біз «Пэтфестке» қатыстық, көрмелерде Қазақстан чемпионы атандық, ал «Пэтфестте» екінші орын алдық. Итімізді өзіміз үйретеміз. Бала күнімде дог-блогерлерді көргенді өте жақсы көретінмін және олардың жасағанын қайталап жүретінмін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат тек рекорд орнату ғана емес, сонымен қатар үй жануарларына жауапкершілікпен қарауды кеңінен насихаттау. Қатысушылардың пікірінше, шара сәтті өтті және жақын арада ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабына енуі мүмкін.

Салтанат Кеңесбекқызы