Өңірде 58 000 астам шағын және орта бизнес субъектілері бар. Аймақтық коммуникациялар қызметі алаңында Шығыс Қазақстан облысындағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына арналған баспасөз конференциясы өтті. Кездесу барысында кәсіпкерлерге берілетін субсидия, жеңілдетілген несие және бизнес инфрақұрылымын дамыту бағытындағы мәселе қаралып, өзеге де сұрақтар талқыланды.
Облыста бизнес субъектілерінің саны артып келеді. Бұл өңірдің экономикалық дамуына серпін берері анық. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, қолайлы іскерлік орта қалыптастыру, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Арман Есентаев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының м.а.:
Жылдың бірінші тоқсанында қарасақ статистикаға осы жалпы орта және шағын бизнестің инвестицияның көлемі 856 млрд теңгеден асты. Мемлекеттік қолдау жұмысы күнделікті жасалуда. Біріншіден бізде 10 астам мемлекеттік қолдау тәртіптері бар. Ол жаңағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Ауыл аманаты», «Ақ ниет» деген бар.
Мәселен, «Даму» қоры төрт қолдау бағдарламасын жүзеге асыруда. Олар: «Даму» қорының кепілдігі, «Өрлеу», сауда субъектілеріне арналған бағдарлама, сондай-ақ жаңа бағдарлама. Соңғы бағдарлама бойынша бес модульден тұратын кешенді оқыту курсы іске қосылған. Мәселен, азаматтар қаржылық сауаттылықтан бастап бизнесті цифрландыруға дейін білімдерін жетілдіреді. Оқу қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификат беріледі.
Нүркен Абдуллин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ШҚО бойынша өңірлік филиалы директорының орынбасары:
Жаңа бағдарлама мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Қаржылық және қаржылық емес қолдауды қамтитын кешенді бағдарлама құрылды. Қаржылық қолдау тұрғысынан айтатын болсақ, бір қарыз алушыға берілетін несие сомасы 200 млн теңгеге дейін. Бағдарлама субсидиялау құралын қарастырады, қарапайым тілмен айтқанда: қазіргі таңда банк номиналды 22% мөлшерлемемен несие береді, оның 40%-ын «Даму» қоры өз мойнына алады. Нәтижесінде, соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 13,2% деңгейінде қалыптасады. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға бағытталған, негізінен өндіріс саласына басымдық беріледі.
Сонымен қатар аграрлық несие корпорациясы өздерінің негізгі қолдау бағдарламаларын таныстырды. Олардың қатарында әмбебап «Агробизнес» бағдарламасы, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған «Кең дала 2» бастамасы, шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер» бағдарламасы бар.
Мирас Қалиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:
Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында «Береке» және «Ігілік» бағдарламалары іске қосылды. Қазіргі таңда бұл екі бағдарлама жұмыс істеп тұр. Қысқаша шарттарына тоқталсақ: «Ігілік» бағдарламасы импорттық асыл тұқымды ірі қара малды 100-ден 500 басқа дейін сатып алуға бағытталған. Несие мөлшерлемесі жылдық 6%, ал несиелеу мерзімі 7 жылға дейін беріледі. Ал «Береке» бағдарламасы да импорттық асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға бағытталған. Бұл бағдарлама бойынша сатып алу көлемі 500 бастан басталады, пайыздық мөлшерлеме жылдық 6%, несиелеу мерзімі 7 жылға дейін қарастырылған.
Жалпы алғанда, ұсынылған шаралар кәсіпкерлік секторды одан әрі нығайтуға және оның өңір экономикасындағы рөлін арттыруға бағытталған. Облыста бизнесті қолдау жұмыстары жалғасатын болады.
Салтанат Кеңесбекқызы