Облыс орталығында Ер Жәнібек есімін ұлықтауға арналған XX республикалық семсерлесу турнирі өтіп жатыр. Жарыс алаңында спортшылар өз шеберліктерін паш етуде. Дода Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде ұйымдастырылды.

Жылдар бойы бұл турнир қалалық деңгейден республикалық деңгейдегі ірі спорт шарасына айналды. Биыл жарысқа еліміздің алты өңірінен 295 спортшы қатысуда. Сонымен қатар, Қырғызстан құрамасы да шақырылған. Даниэл Буланов бұл додаға арнайы Бішкек қаласынан келді. Аталмыш спорт түрімен айналысып жүргеніне 7 жыл болған.

Даниэл Буланов, жарысқа қатысушы (Қырғызстан Республикасы):

Мен Қазақстанда көп рет болдым. Бірақ, Өскемен қаласына бірінші рет келуім. Маған ұнады. Ал, жарысқа келер болсақ, біз Бішкек қаласынан 6 спортшы қатысып жатырмыз. Жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген сенім бар. Өзім олимпида чемпионы болғым келеді.Осы жолда талмай еңбек етудемін.

Қатысушылар юниорлар мен кадеттер арасында «рапира» және «шпага» жарыс түрлерінен сынға түсуде. Жігіттер мен қыздар жеке-жеке бақ сынайды.

Берік Орынбасар, жарысқа қатысушы (Шымкент қ.):

Алдыға мақсатым осы 2007 дердің жасөспірімдерден сборныйға кіріп Қазақстанға құдай қаласа Азиядан орын алып, кете беру. Бұл спорт түріне негізі кездейсоқ кеп қалдым. Өзімнің ағам Шымкенттегі тренер, сол алып келді.

Дәстүрлі турнир бірнеше күнге жалғасып, жас семсерлесушілер өзара мықтыны анықтайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыста талантты спортшылар іріктеліп, кәсіби деңгейде шыңдалады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жарыстың ашылу салтанатына қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Семсерлесумен облыста 200 – ден астам спортшымыз айналысады. Оларды біздің 10 жаттықтырушымыз жетекшілік етеді. Біз бүгін барлық қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жоғары нәтижелер тілейміз. Жарыс өз деңгейінде өтіп, жарқын жеңістерге толы болсын.

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Гүлдана Айдарқызы