Отан қорғаушылар күні қарсаңында біз ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген жандар туралы үнемі айтамыз. Олар мемлекеттік құпияны сақтап, тұрақтылық пен тәртіпке тікелей бағытталған маңызды міндеттерді күн сайын атқарады. Солардың бірі – майор Ғани Пернешов. Ол үшін әскери қызмет – жай ғана мамандық емес, өмірінің мәніне айналған іс. Әскери қызметтің қыр-сырын білу үшін біздің тілшілер облыстық қорғаныс істері департаментіне барып, бұл қызметтің ішкі жұмысымен танысып қайтты.

Майор Ғани Пернешов қарулы күштер қатарында 18 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ол 2024 жылы Ақтау гарнизонынан Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне ауысып келген. Қазір жеке құраммен жұмыс қызметін басқарады. Бұл бөлімнің жұмысы тек кадр мәселесімен шектелмейді. Әскери қызметшілердің дайындығы, моральдық жағдайы мен кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені, кез-келген әскери құрылымның негізі дәл осы жерде қалыптасады. Ғани Пернешов бүгін де әскери қызметін алғаш бастаған күндерін ерекше ықыласпен еске алады.

Ғани Пернешов, ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жеке құраммен жұмыс қызметінің бастығы:

Менің әскери қызметім 2008 жылы Жамбыл облысындағы Луговая станциясында басталды. Бұл – менің алғашқы әскери бөлімім, 03 811 барлау батальоны. Сол кезде штаб бастығының көмекшісі, жасақтау бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалдым. Қазір де сол бағыт бойынша қызметімді жалғастырып келемін. Кейін Жібек жолы кентіндегі гарнизонда жұмыс істедім. Одан кейін қызмет орным бірнеше рет ауысты. Қазір Өскемендегі гарнизонда қызмет атқарып жүрмін. Бұл – менің алтыншы гарнизоным.

Әріптестері арасында Ғани Пернешов кәсіби маман әрі ақыл-кеңес беретін тәлімгер ретінде үлкен құрметке ие. Әскери қызмет туралы естігенде көбіне бұйрық, тәртіп туралы еске түседі. Алайда сол қатаң талаптардың артында дәл осындай жігерлі офицерлер тұр. Олар тек өз міндетін орындап қана қоймай, көпшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Дұрыс бағыт көрсетіп, жас офицерлерге алғашқы қадамдарын сенімді жасауға көмектеседі.

Марғұлан Есенболдыұлы, ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік қызметінің офицері:

Майор Ғани Пернешов – әскери оқу орнын тәмамдап, департаментке келген кезде мені алғаш қарсы алған адам. Оны үлгілі офицер деп айтуға болады. Көпке үлгі болатын, өте сауатты маман.

Бүгінгі таңда Ғани Пернешов өзінің таңдауы дұрыс болғанына сенімді. Тек өз ісіңе деген тұрақтылық ғана дұрыс жолға бастайды, дейді офицер.