Облыс орталығында Халық қаһарманы Қасым Қайсеновты еске алуға арналған бокстан республикалық турнир өтуде. Жарысқа 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Сайыс аясында әр қатысушы өз тәжірибелерін көрсетіп, спорт шеберлігіне үміткерлер анықталмақ.

Халық қаһарманы Қасым Қайсеновты еске алуға арналған турнир дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл дода алғаш рет облыс орталығында ұйымдастырылды.

Ернар Нұрсеитов, ШҚО жасөспірімдер арасында бокстан аға жаттықтырушы:

Бұл турнирге 138 спортшы қатысуда. 14 Команда 138 спортшылар қатысуда. Төрт күн өтеді. Бұл турнир бізде жылда Қасым Қайсенов кентінде болатын. Осы жылдан бастап облыс орталығы Өскемен қ. алып отырмыз.

Жарыстың мақсаты – жас спортшылар арасында боксты дамытып, салауатты өмір салтын насихатау. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, елдің батыры Қасым Қайсеновтың ерлігін ұлықтау. Дүбірлі додаға өскемендік Мирас Қуаныш та келіп, өз бағын сынады. Жаттықтырушысы Талант Бейсенов жетекшілік етуде.

Мирас Қуаныш, жасөспірімдер арасында бокстан ҚР чемпионы:

Мен Қазақстан чемпионымын 61 кг Қазақстан чемпионы болдым. Чемпионат Азияға барып келдім Иорданияға. Қасым Қайсенов ол соғысқа қатысқан, біздің батырымыз. Осы жарысқа бірінші рет қатысып отырмын.

Жас спортшыларға сәттілік тілеп, ынталандыру үшін елдің беделді боксшыларының бірі - Ермахан Ибраимов арнайы келді. Ол Сидней Олимпиадасының чемпионы және Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері. Көптеген спортшыларға үлгі бола білген жан.

Ермахан Ибраимов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:

Мықты мықты олимпиада чемпиондары әлем чемпиондарының бәрі өзінің алғашқы қадамын осындай турнилерден бастайды. 10-15 жыл өткен соң осы балаларымыз чемпион болған кезде олар интервью берген кезде де айтуы әбден мүмкін. Осы мен алғашқы қадамымды Халық қаһарманы батыр атамыз Қ.Қайсеновтің турнирінен бастап едім деген сөздерді естіп қалуымыз әбден мүмкін.

Жарысқа облыстың әр түкпірінен спортшылар жиналды. Абай және Жетісудан келген қатысушылар да бар. Жеңімпаздар 14 салмақ дәрежесі бойынша өзара кім мықтыны анықтайды.

Гүлдана Айдарқызы