Майдан даласын кешіп өткен байланысшы, Кёнигсберг шабуылына қатысушы, көптен күткен «Жеңіс» деген хабарды алғаш естіген жандардың бірі — Павел Еремеевич Стрехо. 9 мамыр мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардагердің шаңырағына арнайы барып, оны Жеңіс күнімен құттықтады.

Павел Еремеевич 1926 жылы дүниеге келген. Ол 1943 жылы, небәрі 17 жасында майданға шақырылды. Ол үшінші Беларусь майданында, Кёнигсберг шабуылына қатысқан. Жауынгерлік ерлігі мен қайсарлығы үшін III дәрежелі «Даңқ», I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін» медальдарымен наградталған. Биыл ақпан айында ардагер 100 жасқа толып, мерейтойын атап өтті.

Павел Стрехо, ҰОС ардагері:

Жеңіс күні – мен үшін ең ұлы мереке. Ардагерлерге денсаулық пен бақ-береке тілеймін. Мен жарақат алғаннан кейін байланысшы болып кеттім, ротада байланыс орнатумен айналыстым. Оқ атылғанын естідік! Жүгіріп шықсақ – аспан отқа оранып тұр. Жеңіс! Сол сәтте эфирден жеңіс жарияланып жатыр. Міне, біз Жеңісті осылай қарсы алдық.

Бұл күні ардагерге ерлігі, қайсарлығы және Жеңіске қосқан зор үлесі үшін жүрекжарды алғыс сөздер айтылды. Ардагердің бес перзенті, он бір немересі және жиырма шөбересі бар.

Анжелика Семёнова, П. Стрехоның шөбересі:

Біздің атамыз – әлемдегі ең асыл адамдардың бірі. Біз оны шексіз жақсы көреміз әрі ерекше құрметтейміз. Ол мейірімділігімен, жайдары мінезімен және қамқор жүрегімен бәрімізге үлгі. Мен балалық шағымның барлығын оның жанында өткіздім, өйткені ол мен үшін аса қызықты болатын. Атамның үйіне барған сайын оның медальдарын тамашалап, ол бәрін асықпай көрсетіп, соғыс жайлы естеліктерін әсерлі түрде әңгімелейтін. Балалық шақтағы сезімдерім өте шынайы еді: ұзақ отырып, үйге қайтқым келмейтін.

Павел Еремеевич келген қонақтарды ақжарқын көңілімен қарсы алд. Ол – туған-туыстары, жерлестері және келешек ұрпақ үшін тағдыры ел тарихымен, Жеңіс туралы мәңгілік естелікпен біте қайнасқан тұлға болып қала береді.

Аяулым Усинова