Өскеменде студенттер мен түлектерді жұмыспен қамту мәселелеріне арналған «Pro еңбек құқықтары» атты интерактивті кездесу өтті. Шараның мақсаты-жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және студенттерді өз құқықтарын қорғау тетіктерімен таныстыру.
Шара барысында негізгі мәселелер талқыланып, нақты жағдайларға қатысты сарапшылардың пікірлері ұсынылды. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы мен еңбек инспекциясының өкілдері студенттердің еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты нақты мысалдар келтіріп, құқықтық қорғау тетіктері мен әрекет ету алгоритмдерін түсіндірді. Сондай-ақ қатысушыларға жұмысқа орналасар алдында назар аудару қажет бес негізгі қадам ұсынылды.
Жандос Қоңыров, ШҚО прокуратурасының 3 басқарма бастығы:
Мен сіздерді әрқашан құқықтық саналы болуға шақырамын, өздеріңізді қорғаңыздар, міндетті түрде еңбек шарттарын жасаңыздар. Сіздің қауіпсіздігіңіз дәл сол еңбек шарттарында жатыр. Әрбір жұмыс беруші сізге қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті екенін естен шығармаңыздар — мәселенің түйіні осында. Ертең, сіз еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүріп, жарақат алсаңыз немесе басқа да жағдай орын алса, сіздің құқықтарыңызды қорғау біз үшін қиынға соғады, өйткені еңбек шарты жоқ. Мұндай жағдайда соттасуға тура келеді. Әрине, прокурорлар қызметкерлердің мүддесін қорғайды, бірақ бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін.
Цифрлық еңбек нарығына ерекше назар аударылып, фриланс пен онлайн жұмыстың тәуекелдері талқыланды. Спикерлер өз құқықтарын қорғауда цифрлық дәлелдердің мәселен, скриншоттар, хат алмасу, төлем тарихын сақтау маңызды екенін атап өтті.
Әділет Кәрібай, магистрант:
Барлығымыз білеміз студенттер жазғы уақытта өздерінің қажеттіліктерін өтеу үшін жұмысқа тұрып жатады. Алайда кейбір жұмыс берушілермен дұрыс келісім жасалмағандықтан көп студенттер опық жеп жатады. Оның барлығын ескере отырып, алдын ала біздің студенттерге өз құқығын біліп жүруі үшін сондай жағдай орын алғанда қандай шара қолдану керек, не істеу керек? Соның барлығын түсіндіру мақсатында біз бүгінгі іс шарада студенттермен маңызды, мазмұнды жиналыс өткізіп жатыврмыз деп ойлаймын.
Кездесу студенттерге еңбек қатынастарының негізгі қағидаларын түсінуге, тәуекелдерді бағалауға және өз құқықтарын тиімді қорғауға қажетті практикалық білім берді.
Салтанат Кеңесбекқызы