Қасым Қайсенов кентінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері Қалибек Тохмолдинді еске алуға арналған республикалық дзюдо турнирі өтті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең мықты спортшылар қатысып, сайыс адал бәсеке мен спорттық дәстүрлерге деген құрмет рухында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Турнирге еліміздің әр өңірінен оза шапқан ең мықты дзюдошылар жиналды. Татамиге жас балуандар мен қатар, республикалық жарыстарда тәжірибесі мол қатысушылар да шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар өңірде дзюдо спортын дамытуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал етеді.
Ерхат Сатыев, Ұлан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
Бүгінгі бізде жылда дәстүрге айналған турнирлардың бірі. Өзіміздің ауданымызға еңбегі көп сіңген Қалибек Құмарұлын еске алуға арналған турнир Республикалық деңгейде өтіп жатыр. Алдағы уақытта да бұданда үлкен дәрежеге жетеді деген ниеттеміз.
Саят Тохмолдин, Қ.Тохмолдиннің ұлы:
Ұлан ауданының спорт ұжымына алғысымды айтқым келеді осылай ұйымдастырып жатқанына. Осымнен екінші жыл өтіп жатыр өткен жылдары облыс бойынша болса биыл Республикалық деңгейде. Жас спортшыларымыз биіктен көрінеберсін, спортымыз дамып осы әкем сияқты тұлғалы азаматтарымыз көп болсын.
Жарыс бірнеше салмақ дәрежелері бойынша өтті. Қатысушылар үшін бұл турнир өз күшін сынап қана қоймай, тәжірибе жинақтауға және спорттық шеберлігін арттыруға үлкен мүмкіндік берді.
Талғар Нұрсәт, жарысқа қатысушы:
Осыдан бір жыл бұрын осы жарыстың финалына шаққан болатынмын. Осы жарыс өте мықты деңгейде өтіп жатыр. Енді бұйырса бірінші орын аламын деген сенімдемін.
Қалибек Тохмолдинді еске алуға арналған турнир игі дәстүрге айналып, жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Бұл жарыс спорттық рухты нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға өз үлесін қосуда.
Нұрдәулет Қалибеков