Облыста ауыл шаруашылығын дамыту бағытында нақты жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған. Солардың бірі – Глубокое ауданындағы Ново-Ульбинка ауылында орналасқан өндірістік кооператив. Кооператив құс шаруашылығын дамытуға бағытталған. Мекеме заманауи технологияларды енгізу арқылы өнім көлемін арттыруды көздейді. Жоба аясында құс өсіру, жұмыртқа және ет өндіру бағыттары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

Кооперативтің негізгі бағыты – құс етін өңдеу. Жобаны іске асыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 25 230 000 теңге көлемінде микрокредит берілген. Бұл қаражат құс сою және бөлшектеу жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ барлық санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай келетін сою пунктін толық жабдықтауға жұмсалған. Соның нәтижесінде өндіріс үдерісі автоматтандырылып, өнім сапасы мен қауіпсіздігі жоғары деңгейде қамтамасыз етілуде. Кәсіпорын жұмысы бірнеше кезеңді қамтиды. Құсты өсіру, оны сою, етті өңдеу, қаптау және нарыққа шығару. Осындай кешенді тәсіл қосымша құнды арттырып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде кооператив жергілікті нарықты сапалы әрі экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етіп отыр. Кооперативтің қалыптасу тарихы да ерекше. Алғашында тек өз қажеттілігін өтеу үшін өсірілген құс біртіндеп көбейіп, артық өнімді сату мүмкіндігі пайда болған. Осылайша, шағын бастама уақыт өте келе жүйелі бизнеске айналып, бүгінгі күні өндірістік кооператив деңгейіне жетті. Бұл – еңбекқорлық пен табандылықтың нақты нәтижесі.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі:

Өзінің үйін табыс көзіне айналдырған. Өзінің ауласын жұмыс орнына айналдырған. Бір осындай 400-500 тауықтың айналасында айына 600 мыңдай ақша тауып отыр. Ол керемет еңбектің жемісі. Сондықтан әрбір еліміздің ауласы да семья үшін үлкен, мемлекет үшін шағын ғана бизнесті дамытып, өз тағдырларын өз қолдарына алып жүзеге асырып отыр.

Кооператив төрағасы Азамат Кенжехан – «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушысы. Бастапқыда аз ғана құс өсірген кәсіпкер біртіндеп өндіріс көлемін ұлғайтып, жергілікті тұрғындар тарапынан тұрақты сұранысқа ие болған. Осылайша ол аз уақыттың ішінде асыл тұқымды жұмыртқалағыш тауықтар мен бройлер өсіру ісін жолға қойды. Кәсіпкердің айтуынша, дәл осы төмен пайыздық мөлшерлеме бизнесті бастап, оны тұрақты деңгейге жеткізуге үлкен мүмкіндік берген. Өйткені коммерциялық банктердегі жоғары пайыздық несиелермен салыстырғанда, бұл бағдарлама қаржылық жүктемені айтарлықтай азайтады. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер табысын өндірісті дамытуға, жаңа жабдықтар сатып алуға және жұмыс орындарын ашуға бағыттай алады. Осылайша, мемлекеттік бағдарламаның тиімді іске асуы нақты нәтижелер беріп, ауыл кәсіпкерлерінің дамуына серпін беруде.

Азамат Кенжехан, жеке кәсіпкер:

2024 жылы «Ауыл аманат» бағдарламасы аясында құс шаруашылығын дамыту, жұмыртқа бағытындағы тауықтар мен жергілікті бройлер тұқымын өсіру үшін несие алуға өтінім бердік. Өтініміміз мақұлданды. «Атамекен» командасы өте жақсы жұмыс істеді: бізге кеңес беріп, қандай құжаттар қажет екенін толық түсіндірді. Нәтижесінде 25 миллион 230 мың теңге көлемінде несие алдық. Бүгінде бізде үлкен ангар бар. Осы бағдарлама аясында сапалы желдеткіш алдық. Бұл орын шамамен 800 басқа есептелген, қазіргі таңда 400 тауық бар. Тауықтарды еркін ұстауға жағдай жасағанбыз. Жаз мезгілінде қоршап, сыртта еркін жайылуына да мүмкіндік береміз.

Кәсіптің дамуына отбасының қолдауы үлкен серпін берген. Әсіресе, анасының сенімі мен көмегі бұл істің алға басуына негіз болды.

Әния Тюлебаева, А. Кенжеханның анасы:

Алдымен осыны өзімізге деп салған осыны, жер үйді, мынаның жартысы ғана болған. 15-20 тауықпен бастағанбыз. Содан кейін немерелеріміз өздері тауық ұстайық деп подпитка бердік. Тауықты сендер асырадыңдар сендерге коньки алып береміз деп заинтересовали их. Содан кейін ары қарай көбейте бердік.

Айта кету керек, мұндай жобалар ауыл экономикасының дамуына, тұрғындардың табысын арттыруға және өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосуда.

Аяулым Усинова