Үлкен Нарын ауданында Отан қорғаушы күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шара аясында ауданда алғаш рет жасөспірімдер арасында аударыспақтан облыстық чемпионат ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, аламан бәйге өтіп, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік шара аудандық ипподромда өтті. Биылғы бағдарламаның басты ерекшелігі - 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында аударыспақтан облыстық чемпионаттың ұйымдастырылуы болды. Білекті де жүректі жас спортшылардың арасында түрлі республикалық және облыстық жарыстардың жүлдегерлері де бар.

Ислам Кеңшілік, жарысқа қатысушы:

Өзім аударыспақпен айналысып жүргеніме бірнеше жыл болды. Барлығы жақсы керемет деңгейде өтіп жатыр.

Еркебұлан Төлеуханов, жаттықтырушы:

Керемет табиғат, шығыстың жұмағы деуге болады. Сонымен қатар палуандарды дайындап, дәріптеп ұлттық спортымызды биікке шығарып додаға қатысып отырған жайымыз бар.

Ипподром аумағында киіз үй тігіліп, кәсіпкерлер сауда ұйымдастырды. Ал аудан өнерпаздары тұрғындарға мерекелік концерт қойды. Аудан әкімі мерекелік шараға қатысып, жиналған жұртшылықты құттықтап, өңірде ат спорты мен ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол мұндай игі бастамалар ел бірлігін нығайтып, жастарды ұлттық спортқа баулуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Елдос Байрахметов, Үлкен Нарын ауданының әкімі:

Облыстың ҚР чемпионатына іріктеу болып жатыр. Сондықтан барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Енді ауданымызды айтсақ, екі жыл болды құрылғалы. Осы жылы облыс әкімінің қолдауымен және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен ауданда бассейінді жылдың аяғына дейін бітіреміз. Оған қарамастан ыстық судың құбырлары жаңартылып жатыр, осы жазда бір жаңа ауызсу орталықтарын береміз. Жұлдыз, Көкбастау ауылдарында жылдың аяғына дейін орталық су орындалады.

Иә, жаңа құрылған аудан жыл өткен сайын гүлдену жолына түскен. Оның бір дәлелі дәл осы шара. Мереке аясында арқан тартыстан жарыс өтіп, кіл мықтылар күш сынасты.

Көпшіліктің асыға күткен басты бәсекесі - аламан бәйге болды. 20 шақырымға созылған жарыста жас шабандоздар барын салды. Шашасына шаң жұқпаған жүйріктер арасыннан Самар ауданынан келген Руслан Шаирғазиннің сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесіп, жеңімпаз атанды.

Руслан Шаирғазин, жарыс жеңімпазы:

Міне құнан бәйгеден аламан бәйгеден бір келдік. Аттың бірінші бәйгесі биылғы маусымашар. Өте қуаныштымыз. Үлкен еңбек. Қуаныштымын. Рақмет.

Ұлттық спорт пен ұлттық дәстүр ұштасқан бұл мерекелік шара тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай ауқымды жарыстар дәстүрлі түрде жалғасатынын атап өтті.

Бекарыс Секен