Самар ауданында еркін күрестен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті. Дәстүрлі дода еңбек сіңірген жаттықтырушылар, еркін күрестен спорт шеберлері ағайынды Аманғазы және Мұхаметқазы Оңғарбаевтарды еске алуға арналды. Боз кілемдегі белдесулерге 2011–2012, 2013 және 2014–2015 жылы туған жас спортшылар қатысты.

Жарысқа өңірдің әр түкпірінен 12 команда, 230-ға жуық жас балуан жиналды. Абай облысының Көкпекті, Мақаншы, Шығыс Қазақстан облысының Глубокое, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Марқакөл аудандары мен Өскемен, Риддер қалаларынан келген спортшылар өзара кім мықтыны анықтады.

Қайырғазы Оңғарбаев, турнирді ұйымдастырушы:

Дәстүрлі турниріміз өткізіліп жатыр. Оңғарбаев Аманғазы мен Оңғарбаев Мұхаметқазы атындағы. Бұл кісілер маған аға болып келеді. 1997 жылдан бастағанбыз. Содан бері өткізіп отырмыз. Осы жас өспірімдерге арналған турнир. Келешекте еркін күрестің дамуы үшін істеп отырмыз.

Турнирдің мақсаты – жасөспірімдер арасында еркін күресті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондарды тәрбиелеу. Сонымен қатар, жарыс арқылы спортқа еңбегі сіңген жаттықтырушылардың есімін ұлықтау.

Еркебұлан Махадиев, бас төреші:

Жарыс өте тартысты өтіп жатыр. Көріп тұрсаңыздар бағалы сыйлықтар. Бірінші орындарға арнайы белбеулер және қаржылай сыйлықтар бар бізде. 97 жылдардан бастап кележатыр. Мен өзімде осы жарыста күрескенмін. Балалар өте жақсы деңгейде. Жылдағыдан қарағанда балалар жоғарғы деңгейде көрсетіп жатыр. Бұл біздің болашаққа деген балаларды дайындап, үлкен мәртебелерде көреміз деген ойдамыз. Балалардың барлығы аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстардан шығады деп ойлаймын.

Боз кілемге шыққан жас балуандар барын салды. Әр белдесу тартысқа толы болды. Қатысушылар жеңіске деген жігері мен дайындық деңгейін көрсетті.

Олжас Чакеев, Тарбағатай ауданы құрамасының бапкері:

Осы жарысқа 20-25 баладай алып келдік. Жарыс өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Ең бастысы балаларды шығарып көрсетіп алу мақсатында келдік жалпы балаларды дайындап. Осындай жарыстардан өседіғой кішкентай балалар. Бір-бірімен күресіп, бір-бірін көріп.

Сайыс барысында әр салмақ дәрежесінде мықтылар іріктеліп, жас спортшылар өзара тәжірибе алмасты. Мұндай жарыстар олардың шеберлігін шыңдап, алдағы республикалық бәсекелерде топ жаруына жол ашады.

Саид Үшпаев, турнирге қатысушы (Үлкен Нарын ауданы):

Мен Үлкен нарын ауданынан келім. Осыған дейін көп жарыстарға қатысқанмын жүлделі орындар алған болатынмын. Самар ауданына келдік жарысқа. Мен күреске қатысқаныма 6 жыл болды. Бұл жарысқа өте көп дайындалдым.

Турнир қорытындысы бойынша барлық салмақ дәрежесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы белдіктермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Нұртас Қайролдаев