Облыстағы негізгі туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы өңірде туристік бағыттар бойынша 170 шақырым автомобиль жолы жөнделді. Рет – ретімен сюжеттен көрелік.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Облыстық Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит биыл жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасатынын хабарлады. Катонқарағай ауданындағы Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары да іске аспақ.
Ирина Смит, облыстық Туризм басқармасы басшысының орынбасары:
Осинов асуын айналып өтетін жолдың құрылысы жалғасады. Берел ауылынан Рахман қайнарына дейінгі 13 шақырым жол учаскесінің жөндеуі аяқталады. Сондай-ақ Сібе көлдеріне баратын бағытта Васильевка–Бозанбай–Алғабас–Торғын жолдарының жөндеу жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар, Ұлан ауданындағы Шалқар көлінің жағажайындағы жұмыстар да іске асады.
Өңірде алғаш рет бірегей нысан салынбақ. Облыс орталығында бес жұлдызды қонақ үй ашу жоспарлануда.
Ирина Смит, облыстық Туризм басқармасы басшысының орынбасары:
Айта кету керек, Өскемен қаласында алғаш рет «Hilton» желісінің бес жұлдызды қонақ үйі салынатын болады. Алайда құрылыстың аяқталу мерзімі шамамен 2028 жылға дейін жоспарланып отыр.
Туристік саланы цифрландыру да маңызды бағыттардың бірі. Бүгінгі таңда 29 туристік нысанның 22 – сі интернетпен және сапалы мобильді байланыспен қамтылған. 9 нысанда байланыс әзірге жоқ. Дегенмен жылдың соңына дейін мәселені кезең – кезеңімен шешу көзделген.
Гүлдана Айдарқызы