Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақта Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жас қызметкерлері ант қабылдады. Шара аясында салтанатты рәсім өтті.

Салтанатты ант қабылдау рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Бұдан кейін Полиция департаментінің түрлі бөлімшелерінде қызмет атқаратын, қоғамдық тәртіпті сақтауға өмірін арнаған үздік қызметкерлер марапатталды.

Арман Үмітов, ШҚО ПД Анықтау басқармасының бастығы:

Осы салада 20 жылдан астам қызмет етемін. Бастағанда анықтаушы ретінде бастағам. Қазіргі таңда ПД анықтау басқармасын басқарып отырмын. 7 мамыр отан қорғаушылар күніне орай ІІМ мені белгілеп, осы марапатқа ие болып отырмын. ШҚО ПД басшылығына ІІМ басшылығына рақметімді айтамын. Ары қарай адал еңбек етуге дайынмын. Қазақстанымыз ары қарай өркендей берсін.

Жандос Серікқанов, ШҚО ПД жедел - криминалистикалық басқармасының криминалисі:

Ішкі істер органдарында 2009 жылдан бері істеймін. Өзімнің қызмет атқарып жүргенімен және де ҚР антым адал қызмет атқарып жүргеніме өте қуаныштымын. Жетінші мамыр Отан қорғаушылар күніне марапат беріп жатыр алғыс хат алып жатырмын. Қуаныштымын. Алда келе жатқан мерекемен Отан қорғаушылар күнімен барлық әріптестерімді, азаматтарды құттықтаймын. Еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, жанұяларына жақсылық тілеймін.

Жас тәртіп сақшылары заңға адал қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, Конституцияны сақтауға және өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға ант берді. Шараға ШҚО ПД басшылығының өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Диана Әбенова, Өскемен қ. ПБ цифрландыру және жасанды интеллект бөлімінің технигі:

Ант қабылдау рәсіміне келдім. Бұл күн мен үшін өте ерекше болды. Өзімнің арманыма жетсім десем де болады. Кішкентайымнан бастап осы мамандықты осы пагонға жетуді өзім армандадым. Бұл менің ең бастысы анамның арманы болатын. Осы анамның арманын орындадым десе де болады. Және де осы үшін мен бақыттымын.

Шара барысында сөз алған ведомство өкілдері өздерінің ақжарма тілектерін жеткізіп, бұл мамандықтың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар полиция қызметі жоғары жауапкершілікті, тәртіпті және адалдықты талап ететінін атап өтті.

Салтанат Кеңесбекқызы