Отан қорғаушылар күніне орай облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөліміне барып, жеке құраммен кездесті. Шара барысында аймақ басшысы сарбаздардың қызметімен танысып, олардың күнделікті тұрмыс жағдайына ерекше назар аударды.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов 5518 әскери бөлімін аралап, бөлімнің материалдық-техникалық базасын көрді. Мұнда әскери бөлімнің музейі мен сарбаздарға арналған асхана таныстырылып, жеке құрамның қызмет ету және демалу жағдайлары көрсетілді. Өңір басшысы сарбаздармен еркін форматта әңгімелесіп, олардың ой-пікірін тыңдап, бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Елімізде заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы тұрғыда Сіздердің қызметтеріңіз ерекше айрықша рөл атқарады. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі әрдайым өзектілігін сақтайды. Заң талаптарын сақтау мен тәртіпті нығайту - тұрақты әрі дамыған қоғамның негізі болып қала бермек.

Сондай-ақ кездесу барысында әскери қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттері, күнделікті атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі сарбаздармен бірге түскі ас ішіп, әскери ұжымның ішкі тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Бұдан бөлек, әскери бөлім өкілдері өңір басшысына қызмет барысында қолданылатын арнайы киім үлгілерін, техникалар мен қару-жарақтарды таныстырды. Бұл шара әскери қызметтің заманауи мүмкіндіктері мен жауынгерлік даярлық деңгейін көрсетуге бағытталды.

Арман Сеитов, ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

Енді Ұлттық ұлан сарбаздары күніге қызметте, біз өз міндеттерімізді абыроймен атқарамыз деп сенім білдіреміз. Сыйлап құрметтеп мараппаталып жатқаныма өте қуаныштымын мен үшін бұл мақтаныш.

Жиын барысында ел қауіпсіздігі жолында аянбай қызмет етіп жүрген бірқатар әскери қызметкерлер марапатталды. Өңір басшысы оларға өз қолымен Алғыс хат табыстап, ел қорғау жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.

Руслан Ауизов ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кадрлар басқармасының бастығы:

Отан қорғаушылар күніне орай Шығыс Қазақстан облысының әкімі қатысқан салтанатты іс-шара өтті. 7 мамыр жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл – біз үшін ерекше мағынасы бар маңызды күн. Ол әскери антқа адалдықты, жауапкершілік пен өз ісіне деген беріктікті білдіреді. Біз күн сайын қызметтік-жауынгерлік міндеттерімізді абыроймен атқарып, Отанымызға адал қызмет етеміз.

Шара соңында облыс әкімі әскери қызметтің маңыздылығын атап өтіп, тәртіп пен жауапкершіліктің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше тоқталды.

Нұрдәулет Қалибеков