Өскемен маңындағы Шешек асуында жаңа экосаябақ ашылды. Басты ерекшелігі - пішіні облыс картасы үлгісінде жасалған. «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өткен шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов және аудан әкімдері бастап келген белсенділер қатысты. Олар өздеріне тиесілі аумаққа көшет отырғызып, өңірдің жасыл желекке орануына өз үлестерін қосты.

Экосаябаққа егілген көшеттердің жерсініп, көктеп өсуіне әр аудан өздері жауапты. Олардың ары қарайғы күтімі де солардың жауапкершілігінде. Шараға жиналғандар мұндай бастама экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатты қорғауға үндейді дейді.

Нұрлан Зарыпұлы, Риддер қалалық Достық үйінің музыкалық жетекшісі:

Риддерден келіп, өзіміздің таулы жер орманнан шырша әкеліп, шырша егіп, мына келешек ұрпақтарымызға болашақта келіп демалатын Шешек ауылымыз енді жайнай берсін, көктей берсін.

Тасқын Мажитов, Тарбағатай ауданы жастар ресурстық орталығының директоры:

Жүз түптен артық ағаш ектік. Таза экологияны қолдау мақсатында қазіргі таңда Тарбағатай ауданындла да ағаш егу акциясы өте қарқынды жүруде. Биылдың өзінде осы уақытқа дейін 7500 түп ағаш егілді. Алдағы уақытта соны 9000 жеткізу жоспарлануда. Ауылдарды абаттандыру кең көлемде жүргізілуде.

Қала іргесіндегі бұл демалыс орны өткен жылы ашылды. Бүгінде халықтың жиі баратын жеріне айналған. Облыс картасы пішіндес экосаябақ аумағына 1000 аса көшет егілді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл жерде біз тамшылатып суаруды жүргізейік деп жатырмыз. Ол да бюджеттен тыс жергілікті бизнесмендер өз ақшаларына тамшылатып суару технологиясын енгізеді. Мен ойлаймын бұл біздің қала тұрғындарына жақсы сый болып отыр. Біздің басты мақсатымыз Таза Қазақстан аясында тек қана мынау табиғатымызға айналаға қоршаған ортаға жанашырлық көрсетіп, тазалау ғана емес адамның ойын тазалау. Ниетін жүйелендіру. Көпшілікті біріктіру. Бірлік болмай береке болмайды.

Алдағы уақытта мұндай экосаябақ Ұлан және Глубокое аудандарында ашылады.

Мұрат Құсайынов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Бұл жер қалаға жақын болған соң қала тұрғындары бала шағасымен келіп демалады. Мына жерде былтырдан бері қала әкімдігі көп жұмыс істеп жатыр. Демалыс орпынын құрып жатыр. Сондықтан осы жерге экопарк орналастырылды. Көшеттерді өз аудандарынан әкеп жатыр. Біздің орман шаруашылықтары да оған өздерінің үлесін қосып жатыр.

Жалпы облыс бойынша 76 миллион түп көшет егу жоспарланған.

Салтанат Кеңесбекқызы