Футболдан Қазақстан Премьер – лигасында шығысқазақстандық «Altaі» командасы өз алаңында шымкенттік «Ордабасы» ойыншыларын қабылдады. Премьер-лига ойыны соңғы рет облыс орталығында 13 жыл бұрын өткен. Бұл кездесу өскемендіктер үшін тарихи сәтке айналды. Тартысты дода жайлы тілші сюжетінде.
Ойынды тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың. Спортшыларға қолдау білдіріп, жанкүйер болуға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы келді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік бағдарлама ұсынылып, бағалы сыйлықтар таратылды. Командаларды қолдауға облыстың қала – аудандарынан да азаматтар жиналды.
Айдана Алтайбекқызы, «Altaі» ФК медиа-офицері:
Бүгінгі матч Өскемен үшін мерекелік матч болып жатыр, себебі біздің Өскемен үшін ҚПЛ аясындағы алғашқы үйдегі матч. Шамамен осы 7500 сыйымдылығы бар стадионға толық стадион адамдар жиналады деген ойдамыз. Атмосфера керемет, өте көп дайындалдық бұл матчқа. Матчтың қызықты белсенділіктерін де ұйымдастырдық. Ұтыс ойындарын ұйымдастырдық, серіктестермен қосыла отыра. Матчтың басты хедлайнеры Турар.
Нәтижесінде қос команда қанша тырысып баққанымен, ойынның негізгі уақытында да, қосымша белгіленген бес минутта да есеп ашылмады.
Вахид Масудов, «Altaі» ФК бас бапкері:
Мұндай кездесулер ел чемпионатының деңгейін көтеріп, жанкүйерлердің қызығушылығын арттыра түседі. Дегенмен барлық командаға бірдей жағдай жасалуы керек деп есептеймін. Біз қарсыластардың ойындарын мұқият саралап, өзімізге қажетті қорытындылар шығардық. Қазір құрамдағы ойыншылар резервін күшейту қажет болып тұр. Футболшыларды тиімді алмастырып, сапалы ротация жасау — команданың тұрақты нәтижесіне тікелей әсер етеді.
9-шы турдың қорытындысы бойынша «Altaі» футбол клбуы Қазақстан Премьер-Лигасындағы орнын сақтап қалу үшін күресті жалғастыруда. Шымкенттік «Ордабасы» өз кезегінде чемпионат көшбасшыларының қатарына еніп, 19 ұпаймен екінші орында тұр.
Гүлдана Айдарқызы