Өскеменде таеквондодан жасөспірімдер арасында ел біріншілігі басталды. Чемпионатқа Қазақстанның 20 өңірінен келген 852 жас спортшы қатысуда. 11-15 мамыр аралығында өтетін додада 2012-2014 жылы туған таеквондошылар әр салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

Ауқымды жарыстың ашылу салтанатында ұйымдастырушылар мен жаттықтырушылар жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай чемпионаттардың өскелең ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттырудағы маңызын атап өтті.

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Жас спортшылар бүгінгі турнир сендер үшін үлкен сынақ. Осындай турнирлерде шыңдалып, үлкен жарыстарға дайындалуға мүмкіндік аласыңдар. Сондықтан баршаларыңызға бүгінгі турнирде сәттілік, жарқын жеңіс, үлкен жетістік тілегіміз келіп отыр.

Бүгінгі жас таеквондошылар — ертең халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондар. Чемпионат барысында спортшылар тек физикалық дайындықтарын ғана емес, кәсіби шеберліктерін де көрсетті.

Дәурен Алғабаев, «Қазақстандық Таеквондо (WT) федерациясы» ҚБ төрешілер алқасының төрағасы:

Бізде енді олимпиадалық спорт түрі болғандықтан, жылда ереже ауысып отырады. Және жылдан-жылға кадеттер арасында қатысушылар саны көбейіп жатыр.

Әр жекпе-жек көрермендер үшін ерекше тартысқа толы өтуде. Қатысушылар арасында бұған дейін республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар да бар.

Бексұлтан Бағдат, чемпионатқа қатысушы:

Менің таеквондоға қатысып жүргеніме 7 жылдай болып қалды. Көп республикалық турнирлердің чемпионы атанғанмын. Мен осы спортты жақсы көремін өте.

Айзере Рүстем, чемпионатқа қатысушы:

Алматы облысынан келіп қатысып отырмын. Бүгінгі жарысқа дайындығым жақсы, құдай қаласа аламын деп ойлаймын.

Әбинұр Шайзада, чемпионатқа қатысушы:

Мен осы таеквондодан чемпион боламын деп ойлаймын. Осы спорт маған ұнады.

Бес күнге созылатын ел біріншілігінің қорытындысы бойынша үздік спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар және дипломдармен марапатталады. Мұндай ауқымды республикалық жарыстың Өскеменде өтуі өңірдегі спорт инфрақұрылымының дамуына, жас спортшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

Аяулым Усинова