Елімізде ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылып келеді. Бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпорындардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Полянское ауылындағы «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС. Кәсіпорын ауыл экономикасын дамытуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және сапалы өнім өндіруге өз үлесін қосып келеді.

Алтай ауданы Полянское ауылында орналасқан «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС 2004 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Қожалық қазіргі таңда мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр. Жалпы мал басы 550-ді құрайды. Соның ішінде 120 сауын сиыр бар. Әр сиыр тәулігіне орта есеппен 30 литр сүт береді, бұл кәсіпорынның өндірістік әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Өндірілетін сүттің сапа көрсеткіштері де талапқа сай. Қышқылдығы – 16%, майлылығы – 4,2%. Бұл өнімнің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрақты сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласында заманауи тәсілдерді енгізіп, өндіріс көлемін арттыруға және сапаны жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді.

Сергей Бухряков, «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС директорының орынбасары:

Қазіргі таңда жалпы мал басы 550-ді құрайды. Оның ішінде 125 бұзау және 330 аналық бас бар. Қазіргі уақытта бізде 120 сауын сиыр бар, әр сиыр тәулігіне орта есеппен 30 литр сүт береді. Сүттің сапа көрсеткіштері жақсы.

Қазіргі таңда шаруашылықта 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауыл үшін маңызды көрсеткіштердің бірі, себебі жергілікті тұрғындар тұрақты табыс көзіне ие болып отыр. Алдағы уақытта мал басы көбейген сайын жұмыс орындарының саны да арта түседі деп күтілуде. Сауыншылар толық ауысымдық режимде жұмыс істейді, яғни өндіріс процесі үздіксіз ұйымдастырылған. Бұл сүт өнімділігін тұрақты ұстап тұруға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Шаруашылықта барлық сиырлар қорада ұсталады, еркін жайылым жүйесі қарастырылмаған. Бұл малдың жағдайын толық бақылауда ұстауға, ветеринарлық талаптарды сақтауға және өнім сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұзаулар үшін арнайы серуен алаңдары жасалған. Онда жас малдың табиғи қозғалысына, иммунитетінің қалыптасуына және дұрыс дамуына жағдай қарастырылған. Жалпы алғанда, шаруашылықта барлық қажетті инфрақұрылым мен өндірістік жағдайлар толық қамтамасыз етілген, бұл тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуге жол ашып отыр.

Евгения Жайсекенова, «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС мал дәрігері:

Бізде төлдеу кезеңі жүріп жатыр, бірақ жалпы жағдай жақсы, сауынға қосылған. Қазіргі таңда тәулігіне 118 сиырдан шамамен 3600 литр, яғни 3 тонна 600 литр сүт аламыз. Жалпы жағдай қаңтар айының басындағыдай, қазір де малдың денсаулығы тұрақты. Ешқандай індет немесе ауру тіркелген жоқ, бәрі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жалпы мал басы – 430. Оның ішінде 285 бас буаз сиыр, 24 басы –кез келген уақытта төлдеуі мүмкін.

Алдағы уақытта шамамен 500 бас мал сатып алу жоспарлануда. Жалпы ферма 1075 басқа есептелген. Сүт күн сайын тапсырылады. Орта есеппен тәулігіне 3600 литр сүт өткізіледі, оның көлемі күн сайын артып келеді.

Аяулым Усинова