Алтай ауданының тұрғындарыда Жеңістің 81 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Жиналғандар «Мәңгілік алғыс» атты патриоттық акциясына қатысты. Шара барысында жергілікті қауым Мемориалға гүл шоқтарын қойып, сүйікті әскери әндерді әуелете шырқады.
Ардагерлер майдан даласында қайсарлық пен батылдықтың озық үлгісін көрсетті. Бүгінгі жас буын сол ерлікті ешқашан ұмытпай, қадірлеп өсуі тиіс. Алтай ауданынан майданға 14 мыңға жуық азамат аттанып, оның 3 мыңға жуығы туған жерге оралмады. Ал, асқан ерлікпен көзге түскен 11 жауынгер Кеңес одағының батыры атанды.
Лариса Гречушникова, Алтай аудандық мәслихатының төрағасы:
Алтай ауданында Ұлы Жеңіске арналған салтанатты іс-шара өтті. Осы мерекеде қала тұрғындары мен қонақтары еліміздің жарқын болашағына, бейбіт келешегіне деген сенімдерін білдіруде. Әрине, балаларымызға, олардың ұрпақтарына ата – бабаларымыздың ерлігін насихаттауа тырысамыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Берікжан Бекбусинов, «AMANAT» партиясының Алтай аудандық филиалының төрағасы:
Дәстүр бойынша 9 мамыр күні Алтай қаласының тұрғындары мен қонақтары Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне тағзым етіп, алғыс пен құрмет білдіру үшін жиналды. Сонымен қатар, бүгінгі ұрпақ соғыстан кейінгі жылдары елдің өсіп-өркендеуіне аянбай тер төккен жандардың еңбегіне де ерекше құрмет көрсетуде.
Шараға тыл еңбеккері, еңбек ардагері Александра Тихоновна Субботина да қатысты. 91 жасқа келген қария туған – туыстарымен бірге мерекелік кешті тамашалап, Ұлы Отан соғысы батырларының рухына тағзым етті. Ал, шөбересі атаулы күнді тойлау, игі дәстүрге айналғанын айтады.
Станислав Субботин, Алтай ауданының тұрғыны:
Мен соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлерін ешқашан ұмытпаймын. Отанымыз Қазақстан үшін тер төккен азаматтармен мақтанамын.
Бүгінгі бейбіт өмір - кешегі ерен ерлік пен жанқиярлықтың жемісі. Ұрпаққа ашық аспан сыйлаған ардагерлердің есімі ел жадында мәңгі сақталуы тиіс.
Гүлдана Айдарқызы