Өскеменде бильярд спортынан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ел біріншілігінде спортшылар «Еркін пирамида» ережесі бойынша бақ сынайды. Чемпионатқа елдің 10 аймағынан 32 спортшы қатысып жатыр.
Астана, Алматы қалалары мен Абай, Жетісу, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының үздік спортшылары төрт күн бойы өзара кім мықтыны анықтайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде бильярд спорты елде қарқынды дамып келеді. Әсіресе, жастар арасында қызығушылық жоғары. Сондықтан мұндай республикалық жарыстар спортшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Серік Ақтанов, ҚР Бильярд федерациясының ШҚОФ төрағасы:
Негізгі мақсаты бильярд спортын дамыту. Оның ішінде балаларды салауатты өмірге баулу. Өздеріңіз білесіздер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тапсырма беріп жатыр. Осы бағытта бізге спорт басқармасы жақсы көмектесіп отыр. Осыны басшылыққа алып біз осы жұмысты жалғастырып, жастарды тәрбиелеуге бағыт алып отырмыз.
Бильярд спорты соңғы жылдары өңірде қарқынды дамып келеді. Мамандардың айтуынша, кәсіби жарыстардың жиі ұйымдастырылуы жастардың қызығушылығын арттырып, спортшылардың шеберлігін шыңдауға ықпал етеді. Сондықтан бұл чемпионат елдегі үздік ойыншылардың басын қосқан маңызды дода саналады.
Асқар Можанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Бильярд – интеллектуалды спорт түрі. Бүгінде елімізде бұл ойынға қызығушылық жоғары. Қазақ бильярдынан әлем чемпиондары мен құрлық біріншіліктерінің жеңімпаздары шыққанын жақсы білесіздер. Сондықтан жарысқа қатысушыларға сәтті ойын, ал төрешілерге әділ төрелік тілеймін.
Биылғы ел чемпионатына тәжірибелі спортшылармен қатар жас ойыншылар да қатысып жатыр. Мұндай жарыстар отандық бильярд спортының деңгейін арттырып, жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік береді.
Райымжан Бузурходжаев, бас төреші:
Іріктеу кезеңінен кейін плей-оффқа 16 ойыншы жолдама алады. Кездесулер бес жеңіске дейін жалғасады. Спортшылардың дайындығы жақсы деп ойлаймын. Кімнің мықты екенін жарыс көрсетеді. «Еркін пирамиданы» халық арасында «Американка» деп те атайды. Бұл ойында кез келген шарды кез келген шармен соғуға рұқсат етіледі. Қатысушыларға сәттілік тілейміз.
Жарысқа келген спортшылардың тартысты бәсекеге тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Ойыншылар үшін мұндай республикалық турнир тәжірибе жинап, кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Рамазан Искендир, жарысқа қатысушы (Тараз қ.):
Өскеменге бірінші рет. Бірақ бұл менің бірінші турнирім емес. осыдан екі жыл бұрын қатысқанмын. Опот жетпей қалды. Бұйыртса осы өткеменге бағымды сынауға келіп тұрмын. Дайындықпен келіп тұрмын. Бұйыртса жақсы ойын көрсетемін деп ойлаймын. Столдар өте жақсы. Жаңа судно. Шыны керек әлі тайғақ кішкене үйренісу қиынаду болады. Кеше келіп 3-4 сағат дайындалдық. Көрдік, үйреністік. Іштеңесі жоқ бәріміз осы бір столда ойнаймыз. Бұйырғаны алады.
Рүстем Қыдырбаев, жарысқа қатысушы (Өскемен қ.):
Біздің өзіміздің Өскемен қаласында өткізіліп жатқаны бәрімізді қуантып отыр. Өзіміздің жерімізде тамаша бильярд клубы ашылды. Серік ағамыз ашып жатыр. Бірінші жарыс бұл жердегі. Бұл Чемпионат әлемге, мирға отбор Қазақстан бойынша.
Қазақстан Республикасының чемпионаты 16 мамырға дейін жалғасады. Финалдық кездесулерден кейін жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, үздік спортшылар әлем чемпионатына жолдама алады.
Нұртас Қайролдаев