Қасым Қайсенов кентінде Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиында аудан тұрғындары соғыс жылдарында ерлік көрсеткен батырларды еске алды.
Мерекелік шара барысында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндерді шырқап, соғыс жылдарының рухын бейнелейтін қойылымдар көрсетті. Жиналған көпшілік майдангерлердің ерлігіне тағзым етіп, олардың Отан үшін жасаған жанқиярлық еңбегін ерекше құрметпен еске алды.
Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:
ҰОС жылдарында батырларымыз ерлік пен елдіктің жарқын үлгісін көрсетті. Сол бір кезеңд тылда да аянбай еңбек еткен жандардың барлығы мәңгі есімізде сақталады. Бүгінде сол ерлікке біз тағзым етеміз.
Бұдан бөлек, шараға келгендер «Мәңгілік алауға» жиналып, гүл шоқтарын қойды. Жас ұрпақта батырлардың ерлігіне тағзым етіп, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге алғыс білдірді.
Алан Қанатов, мектеп оқушысы:
Біздің ата-бабаларымыз бізге бейбітшілік алып келген. Қазіргі таңда солардың арқасында аспанымыз, жолымыз ашық. Осы шараны өткізу арқылы біз оларға алғыс айтудамыз.
Шараға қатысушылар Отан үшін жанын қиған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Аудан ақсақалдары да соғыс жылдарының тарихын еске алып, майданға аттанған жерлестерінің ерлігі ұмытылмайтынын айтты.
Аймұхамет Бәкімбаев, Ұлан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Ұлан ауданының өзі – батырлардың бесігі, ұлылардың отаны деп есептелінеді. Үйткені, біздің бір ауданнан ғана 9 Кеңес Одағының батыры, 1 Халық қаһарманы шыққан. Оны біз әрқашан мақтан етеміз. Біздің жерден 10 мыңға тарта азаматтар атанған соғысқа, соның елге оралғандары 4 мың ғана.
Мұндай тағылымды шаралардың басты мақсаты – кейінгі ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін түсіндіріп, ел қорғаған батырлардың ерлігін ұлықтау.
Фатима Тілейханқызы