Халық қаһарманы Қасым Қайсеновті еске алуға арналған бокстан республикалық турнир өз мәресіне жетті. Дәстүрлі жарысқа 2010–2011 жылдары туған жасөспірім спортшылар қатысты. Додада жас боксшылар өз шеберліктерін көрсетіп, үздіктер анықталды. Былғары қолғап шеберлерін марапаттауға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов барды.

Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің құрметіне арналған турнир жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұған дейін жарыс Қасым Қайсенов кентінде өтетін. Биыл алғаш рет облыс орталығында ұйымдастырылды. Жарыстың мақсаты – жасөспірімдер арасында боксты дамыту. Жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеп, ел батыры Қасым Қайсеновтің ерлігін ұлықтау. Дүбірлі додада өңірдің жас спортшылары бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді.

Ислам Айтқазин, жарыстың қола жүлде иегері (Глубокое ауданы):

Бұл жарыс өте қызықты өтті. Әр жыл сайын болып тұратын жарыс. Мен боксқа қатықсаныма 3 жыл болды. 11 жастан бастап қатысамын.

Бекарыс Серікұлы, жарыстың алтын жүлде иегері (Абай облысы):

Жарыс жақсы деңгейде өтті. Мен осы жарыстың алдында Өзбекстан мемлекетінде сборда болдық. Финалдағы сопернигім өте мықты бала болды. Не дегенмен, жеңіс маған бұйырды. Алдағы мақсаттарым - Азия, Әлем чемпионы болу.

Нұрәлі Қабдулсалям, жарыстың күміс жүлде иегері (Тарбағатай ауданы):

Мен бокстан спорт шеберіне үміткермін және республикалық турнирлардың жүлдегерімін. Осы жарыстан екінші орын алдым. финалда жеңіске жете алмай қалдым өкінішке қарай. Осы спортты жалғастырып, Олимпиада чемпионы болсам деп армандаймын.

Жас спортшыларға қолдау көрсету үшін жарысқа белгілі қазақстандық боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов пен Қасым Қайсеновтың ұлы Болат Қайсенов арнайы келді. Бұдан бөлек, жас боксшыларға ақ жол тілеген облыстық спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов мұндай турнирлер үлкен спортқа бастар алғашқы қадам екенін атап өтті.

Асқар Можанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Қазіргі таңда боксшылардың шеберлік деңгейі айтарлықтай өсіп келеді. Келесі жылдан бастап бұл турнирдің мәртебесін халықаралық деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Бұл бастама Қазақстан бокс федерациясымен, облыстық федерациямен және халықаралық ұйымдармен келісілген. Сондықтан алдағы уақытта турнирге әлемнің үздік командалары қатысады деп күтіп отырмыз. Биыл жарысқа 14 салмақ дәрежесі бойынша 150-ден астам спортшы қатысуда.

Төрт күнге созылған жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен жас спортшылар жиналды. Нәтижесінде боксшылар 14 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтап, жеңімпаздар марапатталды.

Фатима Тілейханқызы