Облыс орталығында мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада аясында қазақ күресінен сайыс өтті. Жарысқа 70-тен астам спортшы, 19 команда қатысты.
Байрақты бәсекеге кіл мықтылар жиналған. Сайыс барысында Зайсан ауданының құрама командасы жоғары дайындық пен өз шеберліктерін көрсетті. Олардың қатарында құрылыс бөлімінің маманы Ертай Мейрамханұлы да бар.
Ертай Мейрамханұлы, жарысқа қатысушы (Зайсан ауданы):
Зайсан ауданы осы мемлекеттік қызметшілер арасында өтіп жатқан спартакиадаға қазақ күресінен келіп тұрмын. Салмағым 82 кг. Осы салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып отырмын. Бас жүлде. Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде.
Аталмыш жарыстың мақсаты - патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу. Мемлекеттік қызметшінің қыруар жұмысы арасында серпіліс салып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бірден бір орайлы шара.
Бектас Серіков, ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары:
Мықтылар жеңіске жетсін. Жалпы өзімізде сол бала күннен күреспейтін қазақ жоқ, әу демейтін қазақ жоқ деп айтады. Бізге бір мереке, осы мерекеге қатысып күшімізді сынап, мемлекеттік қызметшілер арасында бір – біріне деген достық қарым қатынасты нығайтамыз деген ойдамыз.
Палуандар әртүрлі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Төрешілер әр әдісті жіті бақылап, бағасын берді.
Шыңғыс Даниярұлы, төреші:
Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Барлық спортшылар жақсы дайындалып келген. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің осылай қазақ күресі ұлттық спортқа қызығушылығы өте жақсы көрінуде. Бұл облысымызда қазақ күресінің өте дамып келе жатқанын көрсетуде.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубок, медальдармен марапатталды.
Гүлдана Айдарқызы