Өңірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету жұмыстары күшейтілуде. Бұл бағыттағы негізгі көмекті мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жанұя» отбасын қолдау орталығы жүзеге асырып келеді. Орталық «FSM Social» әлеуметтік ақпараттық жүйесі арқылы отбасылардың әлеуметтік жағдайын бақылап, қажетті көмекті жедел ұйымдастыруда. Жүйенің тиімді жұмысының нәтижесінде бүгінгі күні 2000 отбасыға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетілді.
«FSM Social» жүйесі арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар туралы хабарламалар түседі. Ақпарат білім беру бөлімі, пробация қызметі және медициналық ұйымдар тарапынан жолданады. Хабарлама келіп түскеннен кейін мамандардан құралған мобильді топ оқиға орнына жедел жетеді. Олар отбасының тұрмыс жағдайын бағалап, ахуалды жан-жақты зерделейді. Ең алдымен қандай көмек қажет екенін анықтайды. Егер отбасыға кешенді қолдау қажет болса, онда ведомствоаралық сүйемелдеу жоспары әзірленеді.
Жанар Тұрсынова, «Жанұя» орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы:
«FSM Social» ақпараттық жүйесі қосылғаннан бері 2025 жылдың маусым айынан бері қиын жағдайға тап болған 2000-ға жуық тұлғаларға әртүрлі категорияда көмек көрсетілді. Атап айтқанда, психологиялық, құқықтық, материалдық, спонсорлық көмектер көрсетілді.
Орталық тек мемлекеттік мекемелермен ғана емес, сондай-ақ кәсіпкерлермен, демеушілермен және үкіметтік емес ұйымдармен де белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде отбасылар күнделікті өмірге қажетті заттармен қамтамасыз етіледі.
Жанар Тұрсынова, «Жанұя» орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы:
Бұл кейіпкерімізге қазіргі таңда бұл әлі біздің сүйемелдеуімізде. Бастапқы көмектер көрсетілді. Жұмысқа тұрғызу мәселесі бойынша, мемлекеттік ала алмай жүрген жәрдемақысы сол сияқты балалардың мектепке баруына жәрдемдесу, одан кейін кәсіпкерлердің көмегімен отыны, көмірі киім – кешек тамақтары көмек көрсетілді.
Орталықтың қызметіне жүгінгендердің бірі - төрт перзентімен бірге өмірлік қиын жағдайға тап болған көп балалы ана. Ол мамандар дер кезінде байланысқа шығып, жан-жақты қолдау көрсеткенін айтады. Мамандар алдағы уақытта көпбалалы ананың баспанасына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін демеушілерді тартуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, жанұяға азық-түлік, қысқы маузымға қажетті қатты отынмен қамту ісі жүзеге асырылған.
Осы уақытқа дейін көпбалалы ана ретінде 63 мың пособия алып отырып, 63 мыңға қарап отырдым. Бір жақ құлағым естімейді, барабаным жарылған құлағымнан ешқай жерге жұмысқа алмайды. Таба алмадым. Бар жерге жұмысқа сөйлестім құлағын естімейді деп ешкім алмайды. Осы орталық мені тұрақты жұмысқа тұрғызды. Әлеуметтік көмекті жәрдемақысын шығарып көмектесті. Қыста отын көмірімді алып берді, психологтан көмектесті.
Мамандардың айтуынша, көмек алу үшін тек әлеуметтік жүйеге тіркелу міндет емес. Тұрғындар «111» call-орталығы арқылы хабарласып немесе «Жанұя» отбасын қолдау орталығына жүгіне алады. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының 13 ауданында орталық мамандары жұмыс істейді. Әрбір өтініш жіті қаралып, отбасыларға дер кезінде көмек көрсету шаралары қолға алынады. Мамандардың негізгі мақсаты — қиын жағдайға тап болған бірде-бір отбасының назардан тыс қалмауын қамтамасыз ету.
Гүлдана Айдарқызы