Облыс аумағында биыл 16 әлеуметтік нысанды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы брифинг барысында салалық басқарма басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаев мәлімдеді. Спикердің айтуынша, басым бағыттағы жобалардың қатарында мектептер, медициналық мекемелер, спорт кешендері мен инфрақұрылым нысандары бар. Солардың ішіндегі ең маңызды жобалардың бірі — Гематология орталығы. Өскеменде салынып жатқан орталықтың қазіргі дайындығы 97 пайызды құрайды.

Ірі жобалардың қатарында Риддер қаласында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектеп бар. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы 50 пайызды құрайды. Мектепті осы жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыстық онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жобаны толық аяқтау жыл соңына жоспарланған. Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір маңызды нысан — облыстық Ана мен бала орталығы стационарының реконструкциясы. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 70 пайызды құрайды. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделген. Ал Гематология орталығының құрылысы іс жүзінде толық аяқталуға жақын.

Ерназ Мұқатаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

Білім беру бір нысан, денсаулық сақтау жеті нысан, спорт төрт және мәдениет бір нысан. Сонымен қатар биыл 4 нысан құрылысы жоспарлануда. Ол Ұлан ауданындағы 600 орныдық мектеп құрылысы және Зайсан ауданындағы мектеп құрылысы. Өскемен қаласындағы 400 орындық тергеу изоляторының құрылысы басталады.

Бұдан бөлек, Өскеменде жаңа волейбол орталығының құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда нысанның дайындығы 20 пайызды құрайды. Орталықты 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мәдени нысандардың қатарында Серебрянск қаласындағы №150 корпусты көпфункционалды кешен ретінде қайта жаңғырту жобасы бар. Құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы орындалған. Бұдан бөлек, өңірде Жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіш аумағын абаттандыру, жылу желілерін жаңғырту, сондай-ақ облыс орталығындағы жаңа шағын аудандарында инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс басқармасының мәліметінше, жобаларды іске асыру жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Дегенмен кейбір нысандардың мерзімінде аяқталуы толық қаржыландыруға тікелей байланысты болмақ.

Нұрдәулет Қалибеков