Өскеменде мемлекеттік қызметшілер арасында теннистен спартакиада өтті. Дәстүрлі жарысқа сот жүйесінің, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің қызметкерлерінен құралған командалар қатысты. Бұл бәсеке мемлекеттік қызметшілер арасындағы XIX облыстық спартакиада аясында өтіп жатыр.

Сонымен қатар әр ауданнан келген қатысушылар үшін бұл дода – тәжірибе алмасуға да жақсы мүмкіндік. Қатысушылар теннис алаңында шеберліктерін сынап, өзара мықтыны анықтады.

Құралай Ахметжанова, Зайсан ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

Жылда өте жоғары деңгейде өтеді. Биылғы спортшылар өте жақсы дайындықта келген екен. Бізде өз есемізді бермей, орын алуға тырысудамыз.

Жарысқа өңірдің қалалары мен аудандарынан, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттерден 26 команда, барлығы 78 қатысушы қатысты.

Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Мемлекеттік қызметшілер бұл шараға белсенді қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Спартакиада қорытындысы бойынша үздік спортшылар анықталады. Олар маусым айында Көкшетау қаласында өтетін республикалық спартакиадада өңір намысын қорғайды. Респибликалық сында спорттың сегіз түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар жүлделі орындар үшін бақ сынайды.

Тартысты өткен ойындардың нәтижесінде Ұлан ауданының спортшылары бірінші орын иеленді. Екінші орын Алтай ауданына бұйырса, үшінші орынды Глубокое ауданының құрамасы еншіледі. Ал, облыстық ведомстволар мен аумақтық департаменттер арасында Қазынашылық департаментінің командасы жеңімпаз атанды. Күміс жүлде Мемлекеттік кірістер департаментіне бұйырса, үздік үштікті Білім басқармасының қызметкерлері түйіндеді.

Фатима Тілейханқызы