Облыста «Шығыс шақырады» бағдарламасы аясында халықты қолдау шаралары жалғасуда. Биыл өңірге қоныс аударуға ниет еткен азаматтарға 800 квота бөлінген. Оның ішінде қандастар мен еңбек күші артық өңірлерден келетін азаматтарға басымдық берілген.

Бүгінде қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан кешенді көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, көшу шығындары өтеліп, тұрғын үй жалдау ақысына субсидия беріледі. Сонымен қатар баспана сатып алуға арналған сертификаттар табысталуда. Жыл басынан бері бұл мақсатқа 224 миллион теңге бөлінген.

Арайлым Есімбекова, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

 «Шығыс шақырады» өңірлік бағдарламамыз аясында оңтүстік өңірлерден атап айтқанда, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Алматы, Шымкент қаласынан бір топ ағайын Шырайлы Шығысты көруге, қоныстануға ниет еткен ағайын келіп жатыр. Бүгін қонақжайлылық танытып қарсы алып жатырмыз.

Бағдарлама қатысушылары алдымен өңірдегі барлық аудандарды аралауға шығады. Екі күн бойы олар жұмыс берушілермен және өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады. Ербол Тұрсынбаев — Жамбыл облысында отыз жылға жуық уақыттан бері ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибелі педагог. Ол бұл бағдарламаның ел игілігіне қызмет етіп, халыққа пайдасын тигізетініне сенімді.

Ербол Тұрсынбаев, қоныс аударушы:

Біз Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударуға келіп тұрмыз. Алдағы уақытта бағдарламаның жемісін көреміз. Нәтижесін көреміз деген үміттеміз.

Мемлекеттік бағдарламадан бөлек, өңірде «Шығыс шақырады» жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында кәсіп ашуға, жастарға білім гранттары және жеңілдетілген тұрғын үй несиелері ұсынылады. Сондай-ақ кейбір ауылдарда жөндеуден өткен дайын үйлер көшіп келушілерге берілуде. Бұл шаралар шекара маңындағы аудандарды дамытуға және өңірдегі еңбек ресурстарын толықтыруға бағытталған.

Аяулым Усинова