Өскеменде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кезекті спорттық шара ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы «Workout» алаңында армрестлингтен «Street Power: Arm Fight» атты ашық турнир өтті. Ашық аспан астында өткен жарысқа жастар, әуесқой спортшылар мен армрестлинг шеберлері қатысты.Аталған шара «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында ұйымдастырылып, жастарды спортқа баулу, күштік спорт түрлерін дамыту және бұқаралық спортты қолдау мақсатында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал етіп қана қоймай, олардың тәртіпке, төзімділікке және жеңіске деген жігерін нығайтады.

Көрермендер де спортшыларға ерекше қолдау білдіріп, жарыс алаңында қызу атмосфера қалыптастырды. Турнирге жалпы саны 60-қа жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Темірлан Базылханов, Облыстық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:

Бұл іс-шараны облыстық жастар ресурстық орталығы, облыстық прокуратура, спорт басқармасымен бірге бірлесе отырып ұйымдастырудамыз. Мақсатымыз тек қана күш сынастыру емес, жастарды тәртіпке, табандылыққа, салауатты өмір салтына баулу.

Қол күресінен облыс чемпионатының жеңімпазы Отанбек Әкімханұлы көше форматындағы мұндай жарыстар жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Оның сөзінше, осындай турнирлер жастардың өз қабілеттерін көрсетуіне, тәжірибе жинауына және спортқа деген қызығушылығын арттыруға ерекше ықпал етеді.

Отанбек Әкімханұлы, жарысқа қатысушы:

Бүгінгі жарысқа қатысып жатқандарға өзіме жеңіс, қалғандарына сәттілік тілеймін. Тек қана осындай жарыстар көр бола берсін.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы естелік сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Аяулым Усинова