Облыс орталығындағы «Samga» театры өнерпаздарының қатысуымен «Тастамашы, мама» атты тағылымы мол қойылым сахналанды. Көрермен жүрегінен жол тапқан спектакльге өңірдегі түрлі сала мамандары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен облыс қонақтары қатысты.

Қойылым барысында қоғамдағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, мейірім мен қамқорлық, отбасы құндылығы кеңінен көрініс тапты. Спектакльдің әсерлі сюжеті мен актерлердің шынайы ойыны көрерменге ерекше эмоция сыйлап, көпшілікті терең ойға жетеледі.

Әлия Көңілхан, «Samga» театрының жетекшісі:

Жалпы бүгінгі Тастамашы, ана қойылымы бұл осы Самға театрының премьерасы, бұған дейінде бірнеше қойылым қойғанбыз. Бүгінгі премьера өте ерекше, себебі мұнда үн қататын дүние бар. Қазіргі кезде жетім балалардың күйі жағдайы жоқ балалардың күйі деп айтамыз дегенмен ата-анасы бар балалардыңда қандай күйде жүргенін білмейміз. Осы қойылым арқылы үлкен үн қатқымыз келеді.

Шараның мақсаты – қоғамдағы ана мен бала рөлінің маңыздылығын дәріптеу, олардың арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты нығайту, сондай-ақ отбасы институтының құндылығын насихаттау. Қойылым арқылы қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалып, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыстың беріктігі кеңінен баяндалды.

Сырым Маратбек, қойылым режиссёрі:

Жазуға үш айдай уақыт кетті. Жалпы мен бірінші кітапты алып Қамшыгер ағамыздың аудармасы сол кісінің кітабын алып, балаларға оқытып содан түсінгендерінен етюд жасата бастадым. Жалпы процеске 4-5 айдай уақыт кетті.

Кеш соңында көрермендер театр ұжымына ыстық ықыластарын білдіріп, өнерпаздардың еңбегіне жоғары бағасын берді. Мұндай тағылымды қойылымдардың жас ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше екені айтылды.

Нұрдәулет Қалибеков