Өскеменде бильярд спортынан «Еркін пирамида» бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған біріншілікке елдің 10 өңірінен келген 32 спортшы бақ сынады. Тартысты өткен дода қорытындысы ақтық кездесулерден кейін анықталып, үздіктер әлем чемпионатына жолдама алды.
Чемпионат барысында қатысушылар іріктеу кезеңінен өтіп, плей-офф сатысында өзара кім мықтыны анықтады. Ұймдастырушылар жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, барлық кездесу бекітілген регламентке сай өткенін айтады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта өңірде республикалық және халықаралық турнирлерді өткізу жоспарланып отыр.
Серік Ақтанов, ҚР Бильярд федерациясының ШҚОФ төрағасы:
Қазақстан чемпионаты Шығыс Қазақстандағы бильярд спортының дамуына үлес қосты деп ойлаймыз. Енді алдымызда маусым айының 17-21 аралығында халықаралық ветерандар арасында жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен келеді деп отырмыз. Әлем қырандары деген қоғам бар осы бильярд бағытындағы. Сол қоғамның игі ісімен өткізу ойы бар.
Райымжан Бузурходжаев, бас төреші:
Елімізде еркін пирамидадан Қазақстан чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Бұл жарыстың сәтті ұйымдастырылуына клуб басшысы Серік Ақтанов үлкен үлес қосты. Турнирге қатысушылар үстелдердің сапасына, ұйымдастыру жұмыстарына оң бағасын берді. Алдағы уақытта бұл клубта ірі жарыстар жиі өтсе дейміз. Чемпион атанған қарағандылық Жәнібек Қазыбеков болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы. Енді ол 6 маусымда Сургут қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастайды. Ол турнирде де мықты өнер көрсетеді деп сенеміз.
Ел біріншілігінің жеңімпазы қарағандылық Жәнібек Қазыбеков турнир барысында қарсыластарынан оқ бойы озып, жоғары нәтиже көрсетті.
Жәнібек Қазыбеков, Бильярдтан ҚР чемпионатының жеңімпазы (Қарағанды қ.):
2026 жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атану — мен үшін үлкен мәртебе. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарсыластардың барлығы мықты дайындықпен келген. Осындай додада топ жарып, чемпион атанғаныма қуаныштымын.
Ал чемпионаттың күміс жүлдесі семейлік Әділ Нұғымановқа бұйырды. Тәжірибелі спортшы турнир бойы тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, финалға дейін жетті.
Әділ Нұғманов, Бильярдтан ҚР чемпионатының күміс жүлдегері (Семей қ.):
Турнир жақсы өтті. Мықты ойыншылар болды. Финалда жетіспегені тәжірбие мен жатығудың аздығы болды деп ойлаймын. Бірінші орын алған баланың регалиелері көп. Ол әлемдік деңгейдегі спорт шебері. Мен екінші орын алсам да маған шпорт шебері атағын береді деп айтты. Бұйыртса бірге әлем біріншілігіне барамыз Сургутқа.
Үздік үштікті Өскемен қаласының спортшысы Рүстем Қыдырбаев түйіндеді. Жергілікті ойыншы өз алаңында сенімді ойын көрсетіп, қола жүлдені еншіледі.
Рүстем Қыдырбаев, Бильярдтан ҚР чемпионатының қола жүлдегері (Өскемен қ.):
Бұйыртып үшінші орын алдық. Шығыс Қазақстан, Өскемен қаласының атынан. Тартысты ойын болды. Жартылай финалға шығар кезде өте ауыр болды. Сол ойында тырысып бағып жеңіске жетіп, Жартылай финалға өттік. Ол жерде Семей баласына есе жіберіп қойдым. Сәл шыдамдық жетпей қалды. Десе де үшінші орынға ие болдық. Оған да шүкір.
Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар елімізде бильярд спортының дамуына серпін беріп, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға жол ашады.
Нұртас Қайролдаев