Катонқарағай ауданында дәстүрлі «Жасыл Алтай – 2026» өрт-тактикалық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды. Ауқымды шараға өңірдегі табиғатты қорғау ұйымдарынан 90-нан астам маман қатысып, Ресей Федерациясынан келген өкілдер де бақ сынады.
Оқу-жаттығу барысында қатысушылар трансшекаралық аумақтағы өртті сөндіру кезіндегі әрекет ету дағдыларын жетілдірді. Арнайы өрт сөндіру техникасы мен құрал-жабдықтарын қолдана отырып, тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтаудың тәсілдерін пысықтады. Сонымен қатар зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша да дайындықтарын жетілдірді.
Рустам Ташинов, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы:
Бәрі жақсы дайындықта келіп отыр. Өртке деген дайындық бізде өте мықты. Құрал-жабдықтардың бәрі берілген. Бәрі бар бізде.
Жеңісжан Бақаев, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Шыңғыстай» филиалының мемлекеттік инспекторы:
Бұл жерге бізде мотопомпаны апарып қойып, су сорған біраз қиындау болады. Бірақ оның бәрін біз дайындалғанбыз алдын-ала.
Кедергілер жолағының ұзындығы 1 шақырымнан асады. Қатысушылардан құралған 18 команда 7 түрлі кедергіні еңсерді. Ең үздік нәтижені көрсеткен команда жеңімпаз атанады.
Оқу-жаттығу жиыны 20 жылдан астам уақыт үздіксіз өткізіліп келеді. Оған Ресей Федерациясының өкілдеріде белсенді түрде қатысады. Осы уақыт аралығында олар талай мәрте жүлдегер атанып, биыл да сол жетістіктерін қайталауға ниетті.
Сергей Чернов, Катун биосфералық қорығының мемлекеттік инспекторы (Ресей Федерациясы):
Біз Ресейден келген қонақтармыз, бірнеше жылдан бері қатарынан қатысып келеміз. Жыл сайын құрамымыз өзгеріп отырады. Араларында жасы үлкендер де, жастар да бар. Биыл да бізде аралас құрам. Менің жасым бәрінен үлкен. Тәжірибемде өрт болған жоқ. Бірақ өрт шықпау үшін және оған тез әрекет ету үшін, әрине, үнемі жаттығамыз. Бізде жыл сайын өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығулар өтеді. Бұл мекеменің өзінде де ұйымдастырылады. Сондай-ақ дене дайындығымен айналысамыз, жүгіреміз.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – еліміздегі ең ірі ұлттық парктердің бірі. Оның жалпы аумағы шамамен 600 мың гектарды құрайды, соның 260 мың гектардан астамын орман алқаптары алып жатыр.
Ердос Үмітов , облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
Келешекте орманды сақтауға, өрт өшіруге көп көмек болады. Жыл сайын осындай мейрамдар өте берсін. Өртіміз аз болсын, тоғайымыз өсе берсін.
Ұлттық парк аумағында 10 өртті бақылау бекеті жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қосымша 3 бақылау-өткізу бекетін орнату жоспарланған. 2026 жылы орман шаруашылығында жалпы ұзындығы 192 шақырым болатын минералдандырылған жолақтарға үш мәрте күтім жасау көзделіп отыр.
Жанболат Тыныбеков, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:
Катонқарағай ұлттық паркінде 12 өрт сөндіру көлігі, 13 шағын өрт сөндіру кешені, 12 трактор, 16 патрульдік автокөлік, 2 моторлы қайық және 183 жылқы бар. Мұның барлығы орман өрттеріне жедел әрекет ету және олардың алдын алу үшін қарастырылған. Ұлттық парктегі алғашқы оқу-жаттығу 2005 жылы басталды. Жыл сайын өрт қаупі кезеңіне дайындық барысында парк аумағындағы 10 орманшылық жұмыс істейді. Бұл шамамен 10 команда, әр орманшылықта 30–40 адамнан бар. Әр жылы әр орман шаруашылығы жеке дайындықтан өтеді. Тек техника мен жабдықтың дайындығы ғана емес, сонымен қатар жеке құрамның да кәсіби әзірлігі жетілдіріліп отырады.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Өрел орман шаруашылығы иеленіп, ең үздік нәтижені – 7 минут 19 секунд көрсетті. Екінші орын Алтай орманшылығына бұйырса, үздік үштікті Зырян орман шаруашылығы түйіндеді.
Аяулым Усинова