Облыс орталығында «Ғасырлық дәстүрлер» халықаралық фестивалі басталды. Шара аясында ұлттық қолөнерді ұлықтаған ерекше жоба жүзеге асты. «Аламан құрақ» жобасы аясында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері әлемдік рекорд орнатуға ниетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қолөнер шеберлері «Восток» стадионында құрақ-көрпені жайып, ұлттық өнердің ауқымын көрсетті.
Тәжірибелі шеберлер жас ұрпаққа дәстүрлі құрақ құрау өнерінің қыр-сырын үйретіп, ұлттық қолөнердің сабақтастығын жалғастырып келеді. «Аламан құрақ» жобасы түрлі буын өкілдерін бір ортаға тоғыстырып отыр. Қатысушылардың ең кішісі – 6 жаста болса, ең үлкені – 90 жаста.
Айша Үсен, жоба қатысушысы:
Мен Шанышқылының қызымын. Жасым алтыда. Мен Айшамын. Мен әжемнен тігуді үйрендім. Мен Астанадан келдім.
Мәрия Бекмағанбетова, жоба қатысушысы:
Қазақтың бірлігі үшін «Аламан құраққа» қатысып отырмын. Жасым 90 жаста. Жаңаөзен қаласынан келдік. Қазақтың ұлттық өнерін қолдау үшін Өскеменге келіп отырмыз. Ұлттық өнер дами берсін. Аманшылық болсын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Аламан құрақ» – тек рекорд орнату ғана емес, ұлттық өнерді дәріптеп, қазақтың дәстүрлі өнерін әлемге танытудың бір жолы.
Нұргүл Абайхан, «Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы:
2023 жылы ең алғашқы рекордты Астана қаласында өткізіп,құрақ жайды. «Барқыт бел» атты көрпелерімізді жайып отырмыз.
Егер рекорд ресми түрде расталса, Қазақстан әлемдегі ең үлкен құрақ көрпенің жасалған жері ретінде тарихқа енеді. Жоба қатысушылары үшін бұл – ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде танытып, ұлт мұрасын ұлықтаған мәдени шара ретінде тарихта қалады.
Фатима Тілейханқызы