Өскеменде «Ауыл» партиясының бастамасымен «Auyl Jastary» «Цифрландыру және жасанды интеллект» өңірлік жастар форумы өтті. Ауқымды алаңға колледждер мен жоғары оқу орындарының 100-ден астам белсенді жастары жиналып, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және жаңа инженерлік шешімдердің мүмкіндіктерін талқылады.

Форумның мақсаты - жастарды цифрлық трансформация үдерісіне бейімдеу. Қатысушылар жасанды интеллектінің күнделікті өмірдегі, білім мен еңбек нарығындағы рөлін талқылады. Жиын барысында цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен қолдану, жаңа технологиялар арқылы табыс табу және стартап жобаларды дамыту бағыттары кеңінен түсіндірілді.

Нұрхат Ораш, «Ауыл» партиясының Орталық аппараты басшысының орынбасары:

Бұл форум негізі былтыр өзінің бастауын республикалық форумнан алды. Одан кенін Қазақстанның әр өңірінде өткіземіз деп жоспарлаған болатынбыз. Міне бұл 15 қала өткізіп жатқан. Біз партия ретінде осы ЖИ қолданысқа енгізетін осы жастар екенін түсініп сол бағытқа жол алдық. Осы кезге дейін арнайы арнайы тренерлар мен коучтарды алып келіп жатырмыз. Олар ЖИ дің мүмкіндіктерін айтып өтті. Мысалы кей бір өңірлерде кері байланыс жасағанда қазірдің өзінде алғашқы табысын тауып бастаған жастарымыз бар. Осындай форумның нәтижесінде.

Жасанды интеллект пен цифрландыру бағыты Шығыс Қазақстанда да қарқынды дамып келеді. Бірнеше жыл бұрын өңірдегі жоғары оқу орындарының бірінде агроцифрландыру бағыты ашылып, бүгінгі таңда алғашқы түлектер еңбек нарығына шығуға дайын. Бұл ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге және аграрлық саланы цифрлық жүйеге көшіруге жол ашып отыр.

Фарид Әбітаев, «Ауыл» партиясының ШҚОФ төрағасы:

Біз цифрландыру мен жасанды интеллект бағытын бірнеше жыл бұрын бастадық. Осыдан үш жыл бұрын ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды енгізу үшін мамандарды даярлауды қолға алдық. Түлектер дипломдық жұмыстарын қорғауға дайын. Қазір агросаладағы цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесі еліміз үшін аса өзекті. Осыған байланысты алдағы уақытта бұл бағытта білім беру мен ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысу кезең-кезеңімен жалғасады. Осындай формудардың арқасында аграрлық салға да бет бұратын жастар саны артады деп олйлаймын.

Форумда сарапшылар жасанды интеллектінің тек мүмкіндік қана емес, сонымен бірге жаңа қауіптер де әкелетінін атап өтті. Киберқауіпсіздік, кибергигиена және интернет алаяқтарынан қорғану жолдары кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға цифрлық ортада сақтық таныту мен жеке деректерді қорғаудың маңызы айтылды.

Наталья Абрамова, ЖИ сарапшысы:

Бүгінде еліміз бойынша жасанды интеллект тақырыбында 75-тен астам шара өткіздік. Форум қатысушыларына ЖИ арқылы табыс табу мүмкіндіктерін таныстырып, стартаптарды дамыту мен жаңа цифрлық бағыттар бойынша тәжірибеммен бөлістім. Қазір жасанды интеллект тек ірі қалаларда емес, еліміздің кез келген өңірінде дамып келеді. Қазақстанның түрлі аймақтарынан табысты жобалар шығып жатыр. Сондықтан жастардың ЖИ саласына қызығып, осы бағытта өз мүмкіндігін пайдалана білгені маңызды.

Олжас Саукенов, «Ауыл» партиясының Орталық аппаратының қызметкері:

Форумда киберқауіпсіздік пен кибергигиена тақырыбын қозғадық. Қазір жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Бірақ оны алаяқтар да өз мақсаттарына пайдаланып жатыр. Сондықтан интернеттегі әр әрекетке мұқият болу маңызды. киберқауіпсіздік тек құпия сөзбен шектелмейді. Ең бастысы – адамның сақтығы мен психологиялық қысымға төзімділігі. Алаяқтар психологиялық тұрғыда қысым көрсетуі мүмін осы жағдайда мұқият болған абзал. Жастарға толық ақпарат бердік деп ойлаймын.

Жиынға қатысқан жастар форумнан ерекше әсер алғандарын айтады. Олар жаңа цифрлық құралдар, жасанды интеллект арқылы табыс табу мүмкіндіктері және заманауи мамандықтар туралы көптеген пайдалы ақпарат алды. Қатысушылардың пікірінше, мұндай форумдар жастарды жаңа технологияға жақындатып, болашаққа деген көзқарасын кеңейтеді.

Толғанай Тоқтарбекова, колледж студенті:

Ауыл жастарына арналған Ауыл партиясы өткізіп жатқан форумнан өте қатты әсер алып жатырмын. Білмеген ақпараттарым өте көп. Мысалы киберқауіпсіздік жайлы айтылды. Аккаунттардың өзгергенін және алаяқтар жайлы ақпараттарды өзіме сіңіріп алдым. Одан бөлек ЖИ арқылы ақша табуға болатынын және тұтынышулар жайлы көптеген ақпараттар алып жатырмын. Осы форумнан кейін мен қазіргі заманға сай болу керек туралы көптеген әсер алып, өзіме ақпарат енгізген болатынмын.

 «Auyl Jastary» форумы Өскеменде цифрлық дәуірдің жаңа талаптарын жастарға кеңінен таныстырған маңызды алаңға айналды.Форум соңында қатысушылар цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, еліміздің инновациялық дамуына үлес қосуға дайын екендерін жеткізді.

Нұртас Қайролдаев